Әлем

Дональд Трамптың ұлы АҚШ президенті атануы мүмкін деген болжам айтылды

АҚШ-тың беделді The Hill басылымы Дональд Трамптың ұлын келешекте Ақ үй басшысы атануы мүмкін тұлғалардың бірі ретінде атады.

Катарда өткен экономикалық форумда Дональд Трамптың ұлы президент болуға қатысты алып-қашпа әңгімелерге себеп болды. Ол өзінен болашақ сайлауға қатысу мүмкіндігі туралы сұрағанда:

– Мүмкін, бір күні… Ондай ниет оянуы ғажап емес, – деп жауап берген.

Кейін ол бұл сөзіне түсініктеме беріп, өз сөзін бұрмалады деп Reuters агенттігін айыптады.

– Жалған ақпарат. Reuters бұл өтірікті жоққа шығаруы керек… Мен әрқашан айтып жүрмін: бұған мүлде қарсы емеспін, бірақ 2028 жылы немесе жақын арада сайлауға түсу ойымда жоқ, – деді кіші Трамп.

Алайда егер ол президенттікке үміткер болуға шешім қабылдаса, өзімен одақтас саясаткер Вэнспен бәсекелесуі мүмкін.