Мәдениет

Жетісу облысында соңғы үш жылда ауылдық жерлерде 12 мәдениет нысаны ашылды

Жетісу облысында соңғы үш жылда ауылдық жерлерде 12 мәдениет нысаны ашылды, соның бірі жуырда Көксу ауданының Мұсабек ауылында қолданысқа берілді, - деп хабарлайды newsroom.kz

Қуанышты шараға Көксу ауданының әкімі Дәулет Халелов пен Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа мәдениет ордасының ашылуымен құттықтады.

Жаңадан бой көтерген клубтың жалпы аумағы 1200 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде заманауи технологиялармен жабдықталған 150 орындық көрермен залы, кітапханасы бар.

- Ауылымызда жаңа мәдениет нысанының ашылғанына өте қуаныштымыз. 1990 жылдардың басынан бері елді мекенде мұндай мәдени нысан болған жоқ. Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Енді әртүрлі мәдени іс-шаралар өткізіліп, жастар мен балалар бос уақыттарын тиімді өткізе алады. Ауылдың рухани өмірі жанданады деп сенеміз, - деп ой бөлісті жергілікті тұрғын Сайлаубек Қонқақов.

Жалпы Мұсабек ауылдық округін 1780 адам мекендесе, соның ішінде Мұсабек ауылында 1100 астам тұрады.

Атап өтсек, биыл облыста 9 мәдениет үйінің, 1 аудандық кітапхана құрылысы, 2 ауылдық мәдениет үйлерінің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.