Абай облысында әскери қызметкер менингиттен көз жұмды
2025 жылдың 19 мамырында Аягөз қаласындағы орталық аудандық ауруханада мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаз менингиттен қайтыс болды, деп хабарлайды newsroom.kz.
ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының басқармасы мәлім еткендей, 16 мамыр күні кешке сарбаз өзін жайсыз сезініп, дене қызуы көтерілген соң Аягөз әскери госпиталіне жеткізілген. Алғашқы тексеріс пен ем-дом тағайындалғанымен, жағдайы жақсармаған.
Келесі күні, 17 мамырда қосымша тексерулер – УДЗ және КТ жүргізіліп, науқас Аягөз қалалық орталық ауруханасына ауыстырылған.
«18 мамырда сарбаздың жағдайы күрт нашарлады. Реанимация бөліміндегі қарқынды ем-шараларға қарамастан, оның өмірін аман алып қалу мүмкін болмады», – делінген Құрлық әскерлері таратқан ресми хабарламада.
Мамандар оның өліміне гипертоксикалық (жедел дамыған) бактериалды менингит себеп болғанын анықтады.
Марқұм 2025 жылғы 25 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысынан әскери қызметке шақырылған. Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы қаза тапқан сарбаздың жақындары мен туыстарына көңіл айтып, оларға тиісті көмек пен қолдау көрсетілетінін жеткізді.