Қызылордада жемқорлықты әшкерелеген полицейлер марапатталды
Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы уақтылы хабарлау – жемқорлықпен күрестегі маңызды әрі тиімді тетіктердің бірі. Бұл бағытта қоғам белсенділігін арттыру үшін құқықбұзушылықты әшкерелеген азаматтар мемлекет тарапынан ынталандырылып, қорғалады.
Биыл Қызылорда облысында осындай азаматтық ұстаным танытқан бірнеше қызметкер марапатталды. Атап айтқанда, Қызылорда қалалық полиция басқармасына қарасты жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері мен Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің маманы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының арнайы грамотасына ие болды.
Айта кетейік, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға сәйкес, мұндай құқықбұзушылықтар жайлы мәлімдеген азаматтарға ақшалай сыйақыдан бөлек, мемлекеттік қорғау шаралары да қарастырылған.