Қызылордадан жүретін пойыздар тексерілді: вагондардың жағдайы қанағаттанарлық
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті қоғамдық көліктерде тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстарын жалғастыруда.
5–6 мамыр күндері «Заң мен тәртіп» жобасы аясында бірқатар жолаушылар пойызына қоғамдық мониторинг жүргізілді. Атап айтқанда, тексеріс «Nomadas» ЖШС-нің Қызылорда–Көкшетау, «Марал-Нұр» ЖШС-нің Қызылорда–Павлодар бағытындағы пойыздары мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның Түркістан–Қызылордааралығында қатынайтын қала маңындағы пойызды қамтыды.
Мониторинг барысында вагондардың санитарлық жағдайы, техникалық жабдықтарының жұмыс істеу деңгейі, кестеге сай қозғалысы, билетсіз жолаушылардың болуы секілді мәселелер назарға алынды. Сонымен қатар, пойыз бригадасының қызмет көрсету сапасы мен талаптарға сәйкестігі де бағаланды.
Тексеру қорытындысы бойынша негізгі жүйелердің қалыпты жұмыс істейтіні, вагондардың санитарлық жағдайы қанағаттанарлық екені анықталды.
Бұдан бөлек, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту мақсатында қосымша ұсыныстар берілді. Атап айтқанда, аралық стансалардағы тазалықты бақылауды күшейту, жаз маусымы қарсаңында салқындатқыш жүйелерін қосымша тексеру және ақпараттық стендтерді жаңарту ұсынылды.