Жаңалықтар

«Жұмбақты таяуда шешеміз»: Ақнәрдің қазасы жайлы тілші тың деректерді жария етті

Қоғамда қызу талқыланған бойжеткен Ақнәрдің қазасына қатысты бейнежазба мен тың мәліметтер пайда болды,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы anyqtime.kz сайтына сілтеме жасап.

Журналист Руслан Өтепбайдың айтуынша, өткен жылы 2024 жылдың 20 шілдесінде Алматы қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің 7-қабатынан 21 жастағы Ақнәр есімді қыз құлап кеткен. Сол түнде сағат 02:54 шамасында орын алған бұл жайт сол маңдағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Бейнематериалда терезе маңында бір қыздың мүсіні анық көрінеді. Өтепбайдың пайымынша, кадрдағы белгісіз қыздың әрекеті оқиғаға қатысы бар-жоғын анықтауға көмектесуі мүмкін.

«Бейнежазбаны барынша үлкейтіп, қарадық. Терезе жанында тұрған бойжеткеннің сұлбасы байқалады. Бұл қыз Ақнәрдің дәл артында не істеп тұрды? Бұл сұраққа жауап ізделіп жатыр», – дейді журналист.

Сондай-ақ ол Ақнәрдің телефонынан жедел жәрдемге үш рет қоңырау шалынғанын, оқиғаның алдында және кейінгі бірнеше минут ішінде болған оқиғалар тізбегін нақтылап жеткізді.

Журналист бұл оқиғаның жай-жапсары толық ашылып, кінәлі тарап анықталуы тиіс екенін баса айтты.