Көпқабатты үй маңындағы қақтығыс: тұрғындар төбелесіп, пышақ жарақаты тіркелді
Әлеуметтік желілерде Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінде түсірілген видео тарады. Кадрда бір топ ер адамның жаппай төбелеске түскені бейнеленген, деп хабарлайды newsroom.kz.
Видеода алдымен екі ер адам әңгімелесіп тұрғаны көрінеді. Кейін оларға тағы он шақты адам қосылады. Бір сәтте қара костюм киген бір азамат кадрда пайда болып, топқа жақындайды. Осы мезетте жаппай төбелес басталады.
Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, тұрғындар арасындағы жанжал кезінде қатысушылардың бірі қарсыластарының екеуіне пышақтаған. Жарақат алғандарға медициналық көмек көрсетілді.
"Ауезов аудандық полиция басқармасы бұл оқиға бойынша суық қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдіктілердің жеке тұлғалары анықталды", – деп хабарлады ведомство.