Асқар Умаров: азаматтық жауапкершілік пен азаматтық борыш туралы

26 Наурыз, 2020 51 0

Азаматтық жауапкершілік пен азаматтық борыш 

Қазіргі жағдайда бұл ұғымдар аса маңызды. 

Стационарда тәулік бойы жұмыс істеп жатқан шипагер, супермаркетте дезинфекцияны қадағалап тұрған медбике, жедел жәрдемде үйықтамай жұмыс істеп жүрген санитар өздерінің азаматтық парызын өтеп жатыр. 

Күні –түні үй көрмей, жұмыста жүрген мемлекеттік қызметкер өзінің келісімшарттық міндетін ғана емес, азаматтық парызын орындап жүр. 

Тәртіп сақшылары, Төтенше жағдай қызметкерлері, әскерилер Қазақстан халқына берген антына адалдық танытып, азаматтық борышын өтеуде.

Жалған ақпараттың жолын кесіп, халықты жылдам әрі шынайы мәліметпен қамтамасыз етіп отырған журналистер де азаматтық ұжданы алдында таза.

Иә, қазір біраз адам жұмыста... Коммуналдық қызмет мамандары, жол жөндеушілер, көше сыпырушы, ғимарат тазалаушылар, call-center-де отырғандар... бәрі де азаматтық борыштарын өтеп жатыр.

Сонымен қатар, азаматтық жауапкершілік деген ұғым бар. Үйде отырып, карантин талаптарын бұлжытпай орындаушылар азаматтық жауапкершілікті сезінетіндер. Дәрігерлерден тығылмай, карантинге өз еркімен баратындар, көшеге шығарда маска киіп, өзгелерді вирустан қорғайтындар, жалған ақпарат таратып елді дүрліктірмейтіндер азаматтық жауапкершілігі жоғары адамдар.

Тегін маска мен антисептик тарататын шағын кәсіпкерлер, коронавируспен күресу қорларына миллиондаған қаржы бөлген бай-дөкейлер - бұлар да азаматтық парызын орындап жүрген азаматтар.

Той жасаудан, қонақ шақырудан, қонаққа барудан қиын болса да бас тартқандар, гигиена сақтап, қолды жиі сабындап жуып, аурудан қорғанудың жолдары туралы пайдалы ақпаратпен бөлісетіндер азаматтық жауапкершіліктен аттамайтындар.

Біздің осындай болмашы әрекеттеріміз - жалпыға ортақ ержелерге, тәртіпке бағынуымыз ерлікпен тең.

Азаматтық Борыш пен Азаматтық Жауапкершілік – Strong Nation белгісі. 

Жауапкершілікті Ұлт – келешегі кемел Мықты Мемлекет кепілі. 



Тегтер: асқар, умаров, өмірбаян, қазақстан, коронавирус, жаңалықтар, әлем, оқиға

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.