Әлем

Джо Байден рак ауруына шалдықты

82 жастағы Джо Байденге «қуықасты безінің сүйекке метастаз берген агрессивті рагы» диагнозы қойылғанын жексенбі, 18 мамыр күні оның баспасөз хатшысы растады, деп хабарлайды newsroom.kz.

«Өткен аптада экспрезидент Джо Байден зәр шығару жиілеген соң дәрігерге қаралған. Тексеру барысында қуықасты безінде түйін анықталып, 16 мамыр күні қатерлі ісік диагнозы қойылды. Диагноз – Глисон шкаласы бойынша 9 балл (ең жоғары – 5-деңгейлі топ), ісік сүйекке тараған», – делінген CNN және The Hill секілді АҚШ басылымдары таратқан мәлімдемеде.

Мамандардың айтуынша, бұл – аурудың агрессивті түрі болса да, ісік гормондарға сезімтал. Сондықтан емдеу тәсілдері тиімді болуы мүмкін.

Байден мен отбасы қазір дәрігерлермен бірге емдеу нұсқаларын қарастырып жатыр.

CNN дерегінше, қазіргі демалыс күндері Байден Делавэр штатындағы Уилмингтон қаласындағы үйінде болған. Алайда оның нақты қай жерде емделіп жатқаны белгісіз.

Бұған дейін Байден өкілі оның қуықасты безінен шағын түйін анықталып, тексеруден өткені туралы хабарлаған еді.