АҚШ-та қайтыс болған жүкті әйелдің денесі үш ай бойы аппаратқа қосулы тұр
АҚШ-тың Джорджия штатында миы үш ай бұрын қайтыс болған жүкті әйелді жасанды тыныс алу аппаратына қосулы күйде ұстап отыр. Себебі, штат заңы ұрықтың жүрек соғысы анықталған жағдайда аборт жасауға тыйым салады, деп хабарлайды newsroom.kz.
30 жастағы Адриана Смит ми қан тамырларындағы тромбоз салдарынан көз жұмған. Қайтыс болған сәтінде ол жүктіліктің 9-аптасында болған. Дәрігерлер баланы аман алып қалу үшін әйелдің денесін босанғанға дейін аппаратпен ұстай бермек.
Марқұмның туыстары бұл шешімге әсер ету құқығы болмағанын айтады
«Бұл – мен үшін азап. Қызымның тыныс алып жатқанын көрген сайын, оның тірі емес екенін білемін», – дейді Адриананың анасы.
«Біз жүктілікті үзуге шешім қабылдар ма едік, білмеймін. Бірақ ең болмағанда таңдау құқығымыз болуға тиіс еді», – деп қосты ол.
Отбасы болашақ сәбидің жағдайына алаңдаулы. Дәрігерлер ұрықтың миында сұйықтық жиналып жатқанын айтып отыр. Бұл жағдай көру қабілетінің жоғалуына, жүру мүмкіндігінен айырылуына, тіпті шетінеп кетуге әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, отбасы өздері шешім қабылдай алмаса да, медициналық қызметтердің барлық шығынын төлеуге міндетті болып отыр.