Жаңалықтар

Архив – тек сақтау емес, ұрпаққа аманат

Президент Архивінің жас маманы Дидар Дүйсембайұлы тарихи құжаттарды сақтаудың көрінбейтін, бірақ аса маңызды жұмысы туралы айтты, деп хабарлайды newsroom.kz.

Қағаз сарғайып, уақыт жылжиды. Бірақ тарих үнсіз сөйлейді – архив сөрелерінде. Бұл үнді есту үшін құжаттарға күтім қажет. Температуралық режим, ылғалдылық, тиянақты орналастыру, тазалық пен тәртіп – архив ісінің негізгі қағидаттары. Бұл талаптарды күнделікті бақылап отыратын маман – ҚР Президенті Архивінің архившісі Дидар Дүйсембайұлы.

«Құжаттар үшін қолайлы жағдай – 17–19 градус жылылық және 50–55 пайыздық ылғалдылық. Бұл – қағаздың ұзақ уақыт бүлінбей сақталуы үшін қажетті орта», – дейді Дидар.

Архивке жаңадан келіп түскен құжаттар бірден қоймаға жіберілмейді. Алдымен – бейімдеу бөлмесіне. Мұнда 4–5 күн ішінде олар ортаның температурасы мен ылғалдылығына үйренісіп, шаңнан тазартылып, физикалық жағдайы тексеріледі. Кей жағдайда – қалпына келтіру жұмыстары да қажет болады.

«Құжаттарды жүйелі орналастыру – оларды іздеу мен пайдалану үдерісінің негізі. Біз әрбір құжатқа – оның орнын дәл көрсететін топографиялық көрсеткіш береміз», – дейді маман.

Архив ісін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де меңгерген Дидар 2022 жылдан бастап Президент Архивінің құрамында. Архив Астанаға көшкен кезде де, ол әріптестерімен бірге жаңа орынға ауысуға шешім қабылдаған.

Бүгінде жаңа ғимараттағы архивте 2 миллионнан астам сақтау бірлігі бар. 24 арнайы қойма заманауи талаптарға сай жабдықталған – ауа айналымы, жарық, қауіпсіздік пен климаттық режим толық реттелген.

«Әрбір құжат – өткеннің куәсі. Біз оны бүгін сақтап, ертеңге аман жеткізуге тиіспіз. Бұл – менің жұмысым ғана емес, парызым», – дейді Дидар Дүйсембайұлы.