Мақсат Сқақов: адамдардың мейірімі бүгін өзінен артылмайтын болды

26 Наурыз, 2020 48 0

Үйге қонақ келетін болған соң, ауданның орталық базарынан продукта алуғу келгенмін. Базарға кіргенім сол еді, туысқан Анар апамды көріп қалдым- деп Тұрсынхан ағам әңгімесін бастады.

Қолында алған заттары, аузы-мұрнынан шыққан екі оранжевый пакеті бар. Белі майысып, екі білегі қайысып әрең көтеріп келе жатыр екен.

Апау сәлем бердік десем, алдымен шырамытып танымады. Кейін көзін сығырайтып ұзақ қарап, Әлкен ағаның баласы емессің бе?-деп құшақтап, бауырына басып, бетімнен сүйіп жатыр.

Мені он сегіз жыл бұрын ауылдан күйеуге ұзатқанда қаршадай бала едің. Ағамның баласы болсаңда, танауың таңқиып Үртән жеңешемнен айнымай қалыпсың ғой. Қайран уақыт деген, бойың серейіп, үлкен азамат болыпсың деп апам арқамнан қағып қояды.

Затыңыз ауыр екен, үйіңізге жеткізіп салайын деп апамның қолынан екі пакетін алып машинамның артына салдым. Адрес қандай ?- десем. Ешкі ауылдағы, улица Дружбы дом 9-деді. Бірден түсіндім ауданнан шыға берістегі Совет Үкіметі кезінде жабысып салынған, қос пәтерлі үйлер екенін. Сол үйлердің сүйегі мықты екен, қырық жылдан бері жұрт әлі тұрып жатыр.

Апамның басында күнге сарғайып кеткен ақ орамал. Үстінде тозығы жеткен қызыл халат, аяғында төрт тесігі бар розывый резенке тәбішке. Самсунг телефонын ұзын бауымен мойнына асып алыпты. Онысы безілдеп тынбайды екен. Білегінде өңі кетіп қалған, ескі күміс білезік, оң қолының сұқ саусағындағы көзі түсіп қалған сары жез сақинасы үйкеле бергеннен, ағарып кетіпті. Тұрмыстың тапшылығы, тауқыметінен жаман-деген осы.

Көлігіммен апамның есігінің алдына тоқтай бере, Жеңісбек жездем қайда жұмыс істейді?- деп сұрағаным сол еді. Басым бәлеге қалды. Жездең жеті жылдан бері жеті тиын таппайды. Таза ауаның директоры. Аты шулы Алқаш! Аузы арақтан босамайды. Жүрген шығар бір жерде сәмсіреп цігәндәрін ертіп. Кезінде сүйіп қосылғаным еді, бүгінде көзіме күйік болып отыр. Айтпашы соны. Артымнан келген ала сиырдың сүті болмаса , әлде қашан аштан өлер едік-деп ауызынан түкірігі шашырап, ентігін әрең басты апам.

Айтып ауызымызды жиғанша болмады. Қолында көк шөлмегі бар, қора жақтан галөшін сүйретіп Жакең келе жатыр. Жездем емес, құдды бір қалмақтың қылышын сүйретіп келе жатқан қоңтайшысы секілді. Бойы бір тұтам. Мойны жоқ, бұжыр басын арқасына қадай салған. Шашын сыпырып алып тастапты, кебеже қарны ашыған қамырдай ременінің үстінде тұр. Иегіне қыл шықпайтын көсе екен. Сәбіздің сабағындай селдіреген мұрты, майысып танауынан шыққан деммен бірге желбіреп келе жатыр.

Темекісін тістейтін алдындағы төрт курек тісінен басқа, азу тістері атымен қалмапты. Алдында “АМАЛ “- деп жазылған ақ футболкасының жағасы созылып, дорбаның аузындай далақтап кетіпті. Түсе берген темекінің шоғынан жазудың бас әріпі ойылып қалған. Соңындағы үш әріп жездемнің соңғы кездегі жағдайынан хабар беріп тұрғандай.

Ақкөңіл жездем келе сала қайным қалайсың деп құшақтап жатыр. Аузынан шыққан арақтың иісіне, қолтығынан шыққан қолаңсаның иісі қосылып, қолқамды алып бара жатыр. Апам үшін жусанның иісіндей болып кеткен жездемнің джупандырасы,көзімді ащытып жіберді.

Айналайын бауырым, ақы берейін жездеңді жұмысқа тұрғызып берші -дегесін апам. Сол жерде тұрып “Семсердің” бастығы Сико досыма звандадым дейді.

Базар жоқ! Брат! Осы жұмада жұмысқа шықсын-деп әңгімесін келте қайырды досым. Жұмыс болғанда охрана. Он бес күн Құмкөлдің басына вахтаға кетеді. Қалған он бес күні үйінде. График сондай. Жалақысы жүз жетпіс сегіз мың тенге. Левыйы тағы бар. Екі мың сегізінші жылы аудан үшін ол әдемі ақша.

Сәрсенбінің сәтті күні, құтты қонақ келсе қой егіз табады деген. Жаным жасай бер деп апам, алмаймын десем қоймай, сүліктей қара қауынымен, екі бөтелке свежый сүт құйылған коласын машинамның артына сүңгітіп жіберді. Жаратқан нәсіп етіп, қасиетті жұмада жездем, жеті жылдан соң бірінші рет жұмысқа тұрып кетті.

Мәке! Қызықтың көкесі бірінші вахтадан келген күні болыпты деп әңгімесін әріден жалғады ағам. Сменде істейтін сегіз жігіт, жұмысқа тұрғаныңды жу - деп қаужайды ғой жездемді.

Бірінші вахтадан шыққан күні ескі базарға барып алты бөтелке арақ, саңырауқұлақ қосылған свежый сәбізден жасалған корейский салат, бір концерві кильки, екі шпрот, екі буханка нан, бір мойанез, тұздалған қышқыл қияр, бір бума көк жуамен, закускіге жақсы-деп он штучный қолдың құртын алады.

Дәрияның жағасына барып, Уазиктің капотына жігіттер дастархан жаяды. Бастаңғы біткен соң шала кәйф жездемізді шопыр бала үйге әкеліп тастайды. Он бес күн көрмеген күйеуі, апамның қолына бастаңғыға кеткен сегіз мыңнан басқа, жүз жетпіс мың теңгені ұстатады.

Заты әйел емес пе? Ақшаны көрген апамның терісі жібіп қоя береді. Жаман байдың арқасында жан бағып отырмыз-деп жездемнің желкесінен сүйіп мәз болады.

Анар! Түпкі бөлмеге төсек салшы, шаршап келдім,көзім ілініп бара жатыр-дейді жездем, ішкенін білдіргісі келмей. Сен демалсаң мен базарға барып, үйге керек-жарақ алып келейін - дейді апам. Келген соң шәй ішерміз. Онда есікті сыртынан құлыптап кет, ешкім мазаламасын мені-деп жездемнің басы жастыққа тиеді.

Айтпақшы көршінің қызы сұрап келсе, коласын тоқсан теңгеден сатарсың, сүт пештің үстінде тұр - деп апам айтқанша болмайды, жездем қор ете қалады.

Бір сағатқа жетпей, жездемнің іші бүріп ауырады. Бағанағы жеген не совместимый тамақтар асқазанда қортылмайды. Бөлінген өт өзінің ісін тындырмай қоймайды. Шала кәйф жездем, сыртқы есікті әйелім құлыптап кеткен екен-деп ойлайды. Верандаға шығып светін жақса, лампочкасы күйіп кеткен, қара көлеңке.

Құдай өзі кешірсін, амалым жоқ- деп жездем, бұттағы қара дамбалды шешіп жіберіп, верандының сыртқы есігіне қарама-қарсы тұрған баласының темір гаршогыне отырады ғой. Ауызға темекімді салып тұтатқаным сол еді, ішім сар ете қалды-дейді.

Құс етім шығып, күшеніп жатқанымда біреу сыртқы есіктің темір тұтқасын жұлып алардай, жұлқып ашты, қарасам екі үй әрі тұратын Төреғали көршімнің сүт алуға келген, Тоғжан дейтін тоғыз жасар қызы екен. Ағаш есіктің қырық жыл майламбаған топсасы жұлынып кетті. Верандада емес, үңгірде отырғандай болдым мен.

Мамонт көргендей көзі шарасынан шығып кеткен, маған қарап”Мамаң қайда”-деп жан дауысы шығып кетті қыздың. Аға дейін десе гәршөкте отырмын, бала дейін десе, ұма майым гәршөктің ернеуінен төгіліп, темекінің көк түтінін будақтатып газет оқып отырмын. Ұрлықтың үстінде қолға түскен ұрыдай сасқанымнан “ Мамам базарға кетті”-деппін. Қыз қорыққанынан, санына айыр тығып алған сиырдай тірсегі-тірсегіне тимей, тізесі дірілдеп тұр.

Қарап отырмай біреудің қызын кекеш қылдым. Содан сол қыз тұтықпа Тоғжан атанды. Біздің үйдің төбесін көрмей кетті содан. Жерден жік шықты, құлағы қалқиып, гәршөктің төбесінен тік шықты дегендей мені көрсе зытатын болды-деп, жездем айылын жимай күледі.

Өткенде үйіне ет асып шақырды. Шанхайдан зәңкитіп үй сатып алыпты. Бүгінде бір учасканің бастығымын дейді компанияда. Апамның астында су жаңа камри 70-ка. Жездем аузындағы тістерін түгендеп салып алыпты. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырыпты.

Әуелі Алла, содан соң сенің арқаң балдыз. Өмірге көзімді аштың, жүн жеп, жабағы тышып жүргенімде қол көмегіңді тигіздің. Өз бауырларым айналып қашқанда, сен маған, сенім арттың. Жеті жыл жұмыс таба алмай жігерім құм болып жүргенде, жаныма жалау болдың бауырым-деп басын иығыма қояды.

Арақты адам жетіскеннен ішпейді. Жақындарыңның мейірімі мен көңіл жетіспегеннен ішеді. Адамдардың мейірімі бүгін өзінен артылмайтын болды. Есепсіз нығмет берген Жаратқанның пенделері бүгінде бір-бірімен тек есеппен ғана араласады.

Маған жасаған жақсылығың бала-шағаңнан қайтсын бауырым деп жездем көзіне жас алғанда, ет жүрегім елжіреп кетті. Тамшыдай жасаған жақсылығым, он екі жылдан соң таудай сауап болып қайтатынын қайдан білейін.

Қарғыс алма, алғыс ал-деп көп айтатын қариялардың сөзінің жаны бар. Қарғыс деген қара пышақ, қайрай-қайрай өтермін. Алғыс деген ақсақ қоян аяңдай-аяңдай жетермін дейді екен. Алғыс алайық, ағайын. Аман болса Алланың жіберген ақсақ қояны да асықпай жетер артымыздан.

Жақсылық жаса да теңізге таста, балық білмесе де Хақ білер.


МАҚСАТ СҚАҚОВ


Тегтер: мақсат, сқақов, өмірбаян, оқиға, әңгіме, қазақстан, әлем, жаңалықтар

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.