Жаңалықтар

Алматы әкімдігі бүгін қалада неге жолдар жабылғанын түсіндіре алмады

BES.media тілшісінің сұрауына жауап берген Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі қала көшелеріндегі қозғалыстың не себепті шектелгенінен бейхабар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды newsroom.kz.

Бірінші Президент саябағының маңында орналасқан Назарбаевтар отбасылық резиденциясына жақын аумақта жолдар жабылған. Куәгерлердің айтуынша, Саин даңғылы мен оған жақын бірнеше көшеде көлік қозғалысы тоқтаған. Алайда Алматы әкімдігінен бұл шектеудің себебі туралы нақты ақпарат алу мүмкін болмады.

"Білмеймін", – деп қысқа жауап берді Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінің өкілі саябақ маңындағы көшелердің не себепті жабылғаны туралы сұраққа.

Бірнеше күн бұрын Orda.kz сайтының журналистері Назарбаевтар резиденциясы маңында полиция тарапынан ұсталған. Полиция қызметкерлері олардан түсірілген барлық материалды өшіруді талап еткен. Кейінірек тілшілер жергілікті полиция бөлімшесінен босатылды.

14 мамыр күні Алматы қаласының орталығында жалдамалы электросамокаттар уақытша қолжетімсіз болды. Бұл ақпарат кикшеринг компанияларының қосымшаларынан белгілі болған. Қалалық билік нақты себеп көрсетпегенімен, дәл осындай жағдай бұған дейін Президент Тоқаевтың қалаға сапары алдында да байқалған.

Сол күні Президент Іс басқармасына қарасты Ұлттық госпиталь аумағында күзет күшейтілген. Бұл жағдай Сара Назарбаеваның денсаулығына қатысты тараған қауесеттермен тұспа-тұс келген. BES.media тілшісінің байқауынша, ғимарат маңына қалалық коммуналдық қызметтер мен қара киімді адамдар – қауіпсіздік қызметкерлері тартылған.

Кейінірек Тұңғыш президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны жөніндегі кейбір БАҚ таратқан ақпаратты жоққа шығарды.