Педофилдерге өмір бойы бақылау енгізілуі мүмкін
Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха Мәжіліс кулуарында жаңа «Құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасына енгізілген өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды newsroom.kz.
«Бұрын тек құқықбұзушылық жасаған адамдармен жұмыс істесек, енді құқық бұзуы мүмкін деген тұлғалармен де алдын ала жұмыс істеуге мүмкіндік туады», – деді ол.
Журналистердің педофилдерге қатысты сұрағына жауап берген вице-министр былай деді:
«Педофилдер бостандыққа шыққан соң 8 жыл бойы әкімшілік бақылауда болады — бұл олардың соттылығы толық жойылғанша. Бірақ енді бұл мерзімді шексіз ұзартуға болады. Әр жарты жыл сайын сотқа жүгініп, қауіп бар екенін дәлелдесек, бақылауды жалғастыра аламыз. Ең тиімді шешім — оларды өмір бойы бақылауда ұстау».
Оларға балалар мекемелері мен мектептердің маңайына баруға тыйым салынады. Егер сол жерлерден көрінсе, әкімшілік не қылмыстық жауапқа тартылады.
«Бақылау бар. Енді ол әлдеқайда ұзақ әрі қатаң болады», — деді Игорь Лепеха.
Бұл шаралар қауіптің алдын алу үшін жасалып жатыр.