Жаңалықтар

АҚШ Қазақстан мұнайына салынған санкцияны алып тастады

АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Каспий құбыр желісі консорциумын (КҚК) және «Теңізшевройл» компаниясын Ресейге қарсы енгізілген америкалық санкциялардың шектеуінен бос тізімге енгізді, деп хабарлайды newsroom.kz.

КҚК мен Теңізшевройл 15 мамырда шыққан №124 жалпы лицензияға сәйкес санкциядан босатылды. Бұл құжатқа сай, КҚК мен ТШО нысандарына енді қаңтар айында қабылданған мұнай-газ жобаларына қатысты шектеулер жүрмейді. Қарапайым тілмен айтқанда, КҚК арқылы қазақстандық мұнайды экспорттауға байланысты барлық операциялар АҚШ заңнамасы бойынша енді заңды саналады.

«Бұл жалпы лицензия Ресейдің зиянды әрекеттеріне байланысты санкциялармен тыйым салынған барлық мәмілелерді заңдастырмайды. Атап айтқанда, санкцияға іліккен тұлғалармен кез келген мәміле бұл тізімде арнайы көрсетілмесе, әлі де тыйым салынған», — делінген басқарма директоры Лиза Паллукони қол қойған құжатта.

Дональд Трамп Ресейдің мұнай секторына жаңа санкциялар салатынын айтқанымен, АҚШ билігі Ресей мен Қазақстан мұнайының арасын нақты ажыратып көрсетуді көздеп отыр.

Мәселен, Ресей мұнайын тасымалдайтын танкерлерге қарсы санкциялар Қазақстанның KEBCO маркалы шикізатына әсер етпеген.