ТАСС агенттігінің дерегінше, келіссөздер 16 мамыр күні өтеді. Бүгін Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Долмабахче резиденциясында Мединскиймен және РФ делегациясымен кездеседі.
Зеленский Ресей президенті Путиннің өзі келуі тиіс деп мәлімдеген. Алайда Путиннің орнына Стамбулға оның көмекшісі Владимир Мединский бастаған делегация келген. Құрамында ресейлік әскери барлау генералы Игорь Костюков пен Александр Зорин бар.
Зеленский Ресей делегациясының деңгейін «бутафория» деп атады. Украина атынан келіссөздерге қорғаныс министрі Рустем Умеров, СІМ орынбасары Сергей Кислица, СБУ басшысының орынбасары Александр Погляд және өзге де арнайы қызмет өкілдері қатысады.
Анкарада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездескеннен кейін Зеленский былай деді:
«Егер Путин тікелей келіссөзге дайын болса – кездеселік. Біз осындамыз, бірақ ол жоқ. Біз оны әлемді шарлап іздей алмаймыз».
Сондай-ақ, Зеленский Ресеймен бейбітшілік үшін Қырымнан бас тартпайтынын нақты айтты:
«Уақытша оккупацияланған аумақтарды Ресей жері деп ешқашан мойындамаймыз».
Украина президенті Батысты Ресейге қарсы санкциялық қысымды күшейтуге шақырды.
Кейінірек Ресей тарапынан да мәлімдеме жасалды. Делегация басшысы Владимир Мединский бұл келіссөздерді «2022 жылы Украина тарапынан үзілген бейбіт процесстің жалғасы» деп бағалады:
«Біздің делегация — президент жарлығымен бекітілген, толық өкілеттілігі бар құрам. Мақсатымыз — бейбіт шешім табу және қақтығыстың түпкі себебін жою».
Reuters агенттігі бұл келіссөзден үлкен серпіліс күтудің қажеті жоқ деп жазады. Себебі Дональд Трамп«ешқандай прогресс болмайды, тек өзі мен Путин кездескенде ғана өзгеріс болады» деген мәлімдеме жасаған.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да бұл келіссөздерден үлкен үміт күтпейтінін, тек Трамп пен Путиннің жеке кездесуі ғана шешімге апаруы мүмкін екенін мәлімдеді.