Ұшатын автокөліктер шыға бастады
Словакиялық стартап алғашқы ұшатын көліктің прототипін таныстырды. Бұл көлік 2026 жылы нарыққа шығуы мүмкін, деп хабарлайды newsroom.kz.
«МИР 24» арнасының дерегінше, ұшатын автокөлікті жасау жұмысы шамамен отыз жыл бойы жүргізілген. Жобаны әзірлеушілердің мәліметінше, прототип 170 сағаттан астам әуеде болып, 500-ден аса мәрте ұшу және қону сынақтарынан өткен.
Көлік трансформер ретінде жасалған: ол жолда кәдімгі автомобиль сияқты қозғала алады, ал қажет болған жағдайда екі минут ішінде автоматты түрде ұшатын аппаратқа айналады.
Компания мәліметіне сүйенсек, бұл көлік жолда 200 км/сағ, ал әуеде 250 км/сағ жылдамдықпен қозғала алады. Ұшу қашықтығы – 1000 шақырым. Қозғалтқыш қуаты – 280 аттың күші.
Ұшу режиміне ауысқанда көліктің қанаттары ашылады. Жүргізушіге бар болғаны бір батырманы басу жеткілікті. Жоба авторлары екі және төрт адамға арналған нұсқаларды жасап жатыр. Сонымен қатар су үстінде қозғала алатын амфибия-модельді де шығаруды жоспарлап отыр, деп жазады TechEBlog.
2024 жылы Жапонияда ұшатын таксиді іске қосу жоспары белгілі болды. Сынақтық ұшу сәтті өткен. Электр қуатымен жұмыс істейтін бұл көлік тігінен ұшып-қонады. Таулы аймақтар мен аралдарда жүруге өте ыңғайлы. Ұшу уақыты қарапайым көлікпен немесе пароммен салыстырғанда үш есе қысқа.