Жаңалықтар

Елімізде әрбір 11-ші қыз интернетте танысқан бөтен адаммен кездесуге барады

15–17 жастағы жасөспірімдер – цифрлық кеңістіктегі ең осал топтардың бірі. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова ЮНИСЕФ-пен бірлесіп жүргізілген зерттеудің нәтижесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды newsroom.kz.

«Әрбір оныншы бала бейтаныс адамның өтініші бойынша өз суреттерін жіберген. Әрбір он бірінші қыз интернетте танысқан бөтен адаммен кездесуге барған», — деді Оспанова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, зерттеуге 1200 бала қатысқан, нәтижесінде алаңдатарлық мәліметтер анықталған:

  • 3% бала күнделікті өмірде танымайтын адамдармен үнемі хат алмасып отырған;
  • 10% бала бейтаныс адамдардың сұрауымен жеке мәліметтері мен суреттерін жіберген.

Оспанова жасөспірімдер мұндай жағдайларды тіпті ата-анасына айтуға қорқатынын атап өтті.

«Ата-ана, мұғалім және бала арасында сенімді әрі еркін қарым-қатынас болуы өте маңызды», — деді ол.

Зерттеу нәтижесі цифрлық қауіпсіздікті күшейту, мектеп оқушылары мен ата-аналар арасында ақпараттық және алдын алу жұмыстарын арттыру қажет екенін көрсетіп отыр.