Әлем

Зеленский: «Путинді Түркияда жеке күтемін»

Украина президенті Владимир Зеленский өзінің Telegram-арнасында 12 мамырдан бастап соғысты толық тоқтатуға үмітті екенін, сондай-ақ бейбіт келіссөздерге Түркияға өзі баратынын мәлімдеді, деп хабарлайды newsroom.kz.

«Ертең атысты толығымен және ұзақ уақытқа тоқтатуды күтеміз. Бұл дипломатияға жол ашуы тиіс. Адам өлтіруді созудың қажеті жоқ. Путинді бейсенбі күні Түркияда күтемін. Жеке өзім. Бұл жолы Ресей сылтау іздемейді деп үміттенемін», — деді Зеленский.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президентінің Стамбулда келіссөз өткізу ұсынысын қолдап, Украинаны келісімге келуге шақырған болатын:

«Путин Украинамен бітімге келгісі келмейді, бірақ бейсенбі күні Түркияда кездесіп, қан төгуді тоқтату жөнінде сөйлесуге дайын. Украина бұған бірден келісуі керек», — деді Трамп Truth Social желісінде.

Айта кетейік, Ресей президенті Владимир Путин 15 мамырда Стамбулда Украинамен тікелей келіссөздерді бастауды ұсынды. Бұл туралы ол 11 мамыр күні кешкісін Кремльде журналистермен кездесуде мәлім етті.

«Бұрын өткізілген, кейін тоқтатылған келіссөздердің сол жерде жалғасуын қалаймыз. Бейбіт келіссөздер ешқандай алдын ала шартсыз басталуы тиіс», — деді Путин.

Сондай-ақ, ол бұл мәселені Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен талқылауды жоспарлап отырғанын айтты.

«Бұл келіссөздер барысында нақты бітімге келу мүмкіндігі бар екенін жоққа шығармаймыз», — деді Ресей басшысы.

11 мамырда Киевте өткен халықаралық кездесуден кейін Украина президенті Зеленский Франция, Германия, Польша және Ұлыбритания көшбасшыларымен бірлескен мәлімдеме жариялады.

Онда тараптар кемінде 30 күнге атысты толығымен тоқтатуды қолдап, бұл дипломатиялық жол ашу үшін қажет екенін атап өтті. Ұсынылған бітім құрлықта, әуеде және теңізде толық қамтитын болуы тиіс.