Путин Тоқаевқа кеңес одағының батыры атағын тарту етті
Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Кемел Тоқаев пен Қасым Болтаевтың жауынгерлік жолы» атты кітапты сыйға тартты, деп хабарлайды newsroom.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл сый 9 мамыр, жұма күні Ресей мен Қазақстан көшбасшылары арасындағы бейресми кездесу кезінде жасалған.
Дереккөз мәліметінше, бұл биографиялық басылым – Қазақстан Президентінің әкесі мен туған нағашысы Қасым Болтаевтың соғыс жылдарындағы ерліктеріне арналған. Кітапта сондай-ақ архивтік материалдар да қамтылған.
Айта кетейік, Қасым Болтаев – Мемлекет басшысының туған нағашысы – Ржев түбіндегі қанды шайқаста қаза тауып, Трубино ауылындағы бауырластар зиратына жерленген.
Бұған дейін, сол күні Путин Тоқаевқа Ресей Қорғаныс министрлігінің архивінен оның әкесіне қатысты марапат парағын да табыстаған еді. Құжатқа сәйкес, Кемел Тоқаев Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Алайда бұл атақ берілмеген.
Оның орнына Кемел Тоқаев Польша жеріндегі шайқастардағы ерлігі мен батырлығы үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.
Айта кетсек, бұған дейін гвардия сержанты Кемел Тоқаевқа арналған марапат парағы ашық қолжетімділікке шыққан. Бұл құжатты Ресей Қорғаныс министрлігі жариялаған.
Кемел Тоқаев 1942 жылы майданға шақырылып, көп ұзамай 226-атқыштар дивизиясының бөлімше командирі болған. Жарақат алғаннан кейін 7-гвардиялық танк полкінде қызметін жалғастырған. Ол өз естеліктерін «Солдат соғысқа аттанды» атты кітабында жазып қалдырған.