Тағы да Талғарда: атыс болып, 4 адам жараланды
Алматы облысына қарасты Талғар қаласында қоғамда үлкен резонанс тудырған атыс фактісі тіркелді. Куәгерлердің айтуынша, жанжал кезінде бірнеше рет оқ атылып, төрт азамат жарақат алған, деп хабарлайды newsroom.kz .
Жарақат алғандар — 1962, 1983, 1989 және 1969 жылы дүниеге келген ер адамдар. Барлығы медициналық көмек алу үшін ауруханаға жеткізілген.
Алайда облыстық полиция департаменті атыс той барысында болған деген ақпаратты растамады.
"Қазіргі уақытта оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тәртіп сақшыларының жедел әрекеті нәтижесінде оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталды. Олардың төртеуі жарақат алып, ем қабылдап жатыр. Қазір бұл азаматтар қатаң күзетпен медициналық мекемеде. Тағы бір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу және жедел шаралар жалғасуда.
Аталған дерек бойынша жан-жақты әрі әділ тергеу жүргізіліп жатыр. Барлық кінәлілер заң аясында жауап береді. Сонымен қатар, атыс той үстінде болған деген дерек расталмады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер әзірге жария етілмейді," — деп хабарлады полиция өкілдері.