Павлодардағы Победа паркінде оқушылар "тверк" биін билеген
Павлодарда Победа паркінде төрт бойжеткен ескерткіш маңында тверк биін билеп, оны TikTok желісіне «Победа паркінің рухын қорлаймыз» деген жазумен жариялаған. Бұл желі қолданушыларының ашуын туғызып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың рухына құрметсіздік ретінде бағаланды, деп хабарлайды newsroom.kz.
Полиция тез арада қыздардың кім екенін анықтап, ата-аналарымен бірге бөлімшеге жеткізді. Іс материалдары сотқа жолданды. Сонымен қатар, жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссияға да хабар берілген.
Билеген қыздардың үшеуі – мектеп оқушысы, біреуі – колледж студенті екені анықталды. Екеуінің жасы 16-да. Қалған екеуіне 16 толмаған.
Балалар омбудсмені Сәуле Шәкенованың айтуынша, 16-ға толған екі қызға ұсақ бұзақылық бабы бойынша хаттама толтырылып, тікелей жауапкершілік жүктелген. Ал жас шамасы жетпегендердің тәрбиесі үшін ата-аналарына «жасөспірімді дұрыс тәрбиелемегені үшін» айыппұл салынады.
Барлық қыздар білім беру мекемелерінде арнайы бақылауға алынады.