Илхам Әлиев Мәскеудегі парадқа қатыспайды — себебі бар
Әзербайжан президенті Илхам Әлиев 9 мамырда өтетін Жеңістің 80 жылдығына арналған Мәскеу парадына бармайтыны белгілі болды, Бұл ақпаратты Кремль өкілі Юрий Ушаков растады, деп хабарлайды newsroom.kz.
Ресей президентінің көмекшісі Әлиевтің келмеу себебін өз еліндегі маңызды іс-шаралармен байланыстырды. Сол күні Бакуде Илхам Әлиевтің әкесі, елдің бұрынғы басшысы Гейдар Әлиевті еске алуға арналған мемлекеттік деңгейдегі рәсімдер өтпек.
Сарапшылар Әзербайжан басшысының бұл шешімін сыртқы саясаттағы дербестік нышаны ретінде бағалап отыр. Баку енді бұрынғыдай Мәскеуге жалтақтамай, өз бағытын анықтап келеді.
Айтпақшы, Путин шақырған басқа да мәртебелі меймандардың парадқа қатысуы екіталай. Себеп — Мәскеудегі қауіпсіздік жағдайы.
6 мамырда Ресей астанасына жасалған украин дрондарының шабуылынан кейін бірнеше ірі әуежай уақытша жабылған. 350-ден астам рейс кейінге шегеріліп, 60 мыңнан аса жолаушы діттеген жеріне жете алмады. Бір ұшақтың кешігуі екіншісіне әсер етіп, жағдай "домино" принципімен ушығуда.