Үндістан мен Пәкістан соғыс бастады
Үндістан Пәкістан мен оның бақылауындағы Кашмир аймақтарына әуе соққыларын жасағанын мәлімдеді. Бұл – Делидің Үндістан бақылауындағы Кашмирде туристерге жасалған шабуыл үшін Исламабадты айыптағанынан екі апта өткеннен кейін болған әрекет. Ол шабуылда 26 адам қаза тапқан еді. Пәкістан бұл айыптауларды жоққа шығарған, деп хабарлайды newsroom.kz.
Үндістан қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, бұл операция “Синдур” деп аталып, “елге қарсы жоспарланған террорлық шабуылдармен байланысы бар” нысандарды нысанаға алған. Олар кемінде тоғыз лаңкестік базаға дәл соққы жасалғанын айтады. Пәкістан болса бұл мәліметті теріске шығарып отыр.
Үндістан: “Біздің әрекетіміз дәл әрі ұстамды болды. Пәкістанның әскери нысандарына соққы жасалған жоқ. Біз барынша ұстамдылық таныттық”, — деді ресми мәлімдемеде.
Алайда Пәкістан армиясы әуе шабуылдары бейбіт тұрғындарға бағытталғанын алға тартып отыр. Олардың дерегінше, зымырандар үнді әуе кеңістігінен ұшырылған. Үнді соққылары салдарынан 8 адам қаза тауып, 35 адам жарақат алған, екеуі хабар-ошарсыз кеткен. Құрбандар арасында екі бала мен мешіт бар екені айтылуда.
Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф Үндістанға жауап берілетінін мәлімдеді:
“Сатқын жау Пәкістандағы бес нысанға опасыздықпен соққы жасады. Біз бұған жауап қайтаруға толық құқылымыз, әрі ол жауап беріліп жатыр.”
Пәкістан армиясының дерегінше, Үндістан алты нысанға әртүрлі қарумен 24 бөлек соққы жасаған. Сонымен бірге, Пәкістан “үнемді уақытта, ыңғайлы жерде жауап қайтаратынын” мәлімдеді.
Армияның баспасөз қызметі елдегі барлық әскери ұшақтардың әуеге көтерілгенін хабарлап, “бұл — үнді территориясынан жасалған арсыз әрі қорқақ шабуыл” деді.
Сонымен қатар, Пәкістан Үндістанның бес әскери ұшағын (үш Rafale, бір Су-30МКИ, бір МиГ-29) атып түсіргенін және Үндістан армиясының бір бригада штабы жойылғанын хабарлады. Бұл ақпаратты Үнді тарапы әзірге растамады.
Үндістан мен Пәкістан шекарасында соңғы күндері атыстар жиілеп кетті. Екі ел де шекараға жақын аймақтардағы мектептерді уақытша жапты.
BBC сарапшысы бұл жағдайды “ядролық қаруы бар екі ел арасындағы күрт шиеленіс” деп бағалап отыр. Қақтығыстың қай бағытта өрбитіні белгісіз.