Израиль Йемен астанасындағы әуежайды бомбалады
Израиль әуе күштері Йемен астанасы Санада орналасқан халықаралық әуежайға және елдің бірнеше стратегиялық нысандарына әуеден соққылар жасады. Бұл туралы Израиль армиясының баспасөз қызметі ресми түрде мәлім етті, деп хабарлайды newsroom.kz.
Мәлімдемеге сәйкес, шабуылдың басты мақсаты — "Ансар Аллах" қозғалысына тиесілі хусит бүлікшілерінің инфрақұрылымы болған.
"Израильдің Бен-Гурион әуежайына жасалған зымыран шабуылынан кейін әуе күштері Сана әуежайының аумағында орналасқан террористік инфрақұрылымды жойып, оның жұмысын толық тоқтатты", — делінген армия таратқан хабарламада.
Израиль тарапының дерегі бойынша, шабуыл кезінде ұшу-қону жолақтары, әуежайдағы ұшақтар мен өзге де нысандар зақымданған. Бұған қоса, Сана маңындағы бірнеше электр станциясы мен ел астанасының солтүстігіндегі «Аль-Имран» цемент зауыты да шабуыл нысанасына айналған.
Израиль армиясы бұл соққылар хуситтердің әскери және экономикалық әлеуетін әлсіретуге бағытталғанын мәлімдеп, соңғы бір жарым жылда бұл топ Иранның қолдауымен әрекет етіп, Израиль мен оның одақтастарына қауіп төндіріп, аймақ тұрақтылығына және халықаралық теңіз қатынасына қатер келтіріп отырғанын алға тартты.