Қазақстан Республикасының "Білім туралы" Заңының 47-бабына сәйкес, әрбір ата-ана білім беру ұйымын және оқыту нысанын таңдауға толық құқылы.
Арнайы білім беру ұйымдарында оқыту психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің (ПМПК) қорытындысы негізінде жүзеге асырылады. Мұндай мекемелерге ерекше білімді қажет ететін балалар қабылданады. Егер арнайы педагогтардың түзету жұмысы нәтижесінде баланың дамуында оң өзгеріс байқалса, ПМПК тарапынан жалпы білім беру мектебіне көшу туралы ұсыныс берілуі мүмкін.
Алайда ПМПК ешқашан мектепті жабу немесе баланы оқудан шығару туралы шешім қабылдамайды. Комиссияның міндеті – баланың дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған кәсіби кеңес беру. Жыл сайынғы жоспарға сәйкес, балалардың даму динамикасын бағалау мақсатында диагностикалық жұмыстар жүргізіледі. Оқу нысанын таңдау – ата-ананың құқығы.
2025 жылдың 5 мамырында Түркістан облысы білім басқармасының өкілдері мектеп ұжымымен және ата-аналармен кездесу өткізіп, барлық сұрақтар бойынша толыққанды түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қазіргі таңда барлық оқушы өзінің қажеттілігі мен мүмкіндігіне қарай білім алуды жалғастырып жатыр. Мектеп-интернатты жабу немесе ғимаратты басқа мекемеге, атап айтқанда колледжге беру мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ.
Түркістан облысының білім басқармасы азаматтарға жалған ақпарат таратудың заң алдында жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.