Вьетнам Qazaq air компаниясын сатып алыпты
Қазақстандық әуе компания атауын өзгертті. Бұл туралы Qazaq Air-дің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды newsroom.kz.
Ресми атау ауыстыру
Qazaq Air компаниясы енді ресми түрде Vietjet Qazaqstan деп аталатын болады. Бұл өзгеріс Вьетнамның бас хатшысы То Ламның Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында өткен Қазақстан–Вьетнам бизнес-форумы кезінде жария етілді.
Компания өкілдерінің айтуынша, Qazaq Air мен Vietjet стратегиялық серіктестік орнатып, жаңа бірлескен бренд – Vietjet Qazaqstan атауымен жұмыс істемек. Бұл серіктестік аясында компаниялар Qazaq Air-дің қазіргі инфрақұрылымын негізге ала отырып, бірлесіп дамиды және басқару жүргізеді.
Жоба аясында кемінде 20 дана Boeing 737 ұшағы сатып алынып, әуе паркіне қосылады деп жоспарланған.
Qazaq Air-ді вьетнамдықтар қашан сатып алды?
2024 жылдың 23 мамырында Qazaq Air әуе компаниясын Вьетнамның SOVICO Group компаниясы сатып алғаны хабарланды. Бұл жаңалық Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен SOVICO Group төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен кездесуде мәлім болды.
Кездесу нәтижесінде “Самұрық-Қазына” АҚ мен Aviation Holdings Company (SOVICO құрамына кіреді) арасында Qazaq Air-ді сатып алу жөнінде келісімге қол қойылды. Инвестор тарап алдағы бес жылда кемінде 20 ұшақ жеткізуді жоспарлаған – оның ішінде Boeing 737 Max 8 және Airbus A320/321 үлгілері бар.
Мемлекет талабы қандай болды?
2024 жылғы 29 мамырда Мәжіліс кулуарында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев бұл мәміле бойынша пікір білдірді.
— Бірінші міндеттеме – Qazaq Air-дің 38 миллиард теңге қарызын толық өтеу. Екіншісі – ең маңыздысы – Қазақстанда тіркелетін қосымша 20 ұшақ жеткізу, — деді министр.
Сауда мәмілесінің егжей-тегжейі
2024 жылдың 31 желтоқсанында мәміленің толық шарттары белгілі болды. “Самұрық-Қазына” Qazaq Air-дің акцияларын Central Asia Aviation Holdings Limited (SOVICO құрамына кіреді) және Kazasia Holdings Limitedкомпанияларынан құралған консорциумға сату туралы келісімге қол қойғанын хабарлады.
Kazasia Holdings Limited – Қазақстанда тіркелген, SOVICO Group ұсынған серіктес компания. Ол “Самұрық-Қазынамен” бірге әуе компанияны бірлесіп басқаруға жауапты болады.
Сондай-ақ, мәміле тараптар келісімге келген барлық шарттар орындалғаннан кейін ғана толық күшіне енетіні атап өтілді.
Qazaq Air әуе компаниясы 2018 жылдан бері IOSA халықаралық қауіпсіздік стандартынан өткен, ал оның ұшақтар паркіндегі әуе кемелерінің орташа жасы – 7,5 жыл.