Адамдардың жүрегіне жол табу

25 Наурыз, 2020 39 0

Әр адамның негізгі 2 эмоционалдық қажеттілігі бар.

1. Ол өзгелердің өзін бағалағанын, маңызды тұлға санағанын қалайды.

2. Ол өз ары мен намысын ешкімге  таптатқысы, ұятқа қалғысы келмейді, яғни өзін қауіпсіз сезінгісі келеді.

Бір ойшылдың сөзі еске түсіп тұр.  «Адамгершіліктің шыңы – біреуді ұятқа қалудан құтқару » деген. Біреу сені сынап –мінейтінін немесе келеке ететінін білсең, ондай адамның жанында болғың келмейді ғой.

Адамдағы осы негізгі 2 эмоционалдық қажетілікті өтеу үшін «3 алтын ережені » сақтасаң жеткілікті. Олар:

1. Адамның ісін, талпынысын бағалайтыныңды білдіру, орайы келсе, алғыс айту. 

Болмашы істің өзіне «рақмет» айтуды әдетке айналдырсаң, ол өзгелерге кәдімгідей әсер етеді. Сенің «рақметің» - мен ол өзін маңызды сезінеді. Келесі жолы саған одан да үлкен құлшыныспен көмектескісі кеп тұрады. Нақты қандай ісі үшін алғыс білдіріп жатқаныңды айтсаң, әсері арта түседі. Адамға өзін  маңызды сезінуге мүмкіндік беріңіз, сонда ол сізге сұрамаған нәрсеңізді беруге дайын болады.

2. Сыпайлық таныту.

Сыпайылықтың  «өзге адам үшін кішігірім қолайсыздықтарына көну » деген бір анықтамасы бар. Мәселен, есікті ашу, кезекте сәл ығысып тұру т.б. Сыпайылық таныта білсең , көп келеңсіздіктің алдын алуға болады. Әрі адамдарға жылулық сезімін сыйлайсың. Біреудің қалың тонын шешкізу үшін көп күштің қажеті жоқ.

3. Құрметтеу.

Өзгені құрметтеудің бір көрінісі: ол сөйлеп жатқанда сөзін бөлмей, телефонды шұқылап кетпей, жүзіне қарап, мұқият тыңдау. Аса қиын іс емес. Бірақ көп адамның бұған шыдамы жетпей ме, әйтеуір, бұл ереже көп жағдайда бұзылып жатады.  Адамды дұрыс түсіну үшін оның не айтып жатқанына емес, мұны не үшін айтып жатқанына ой жүгірту керек. Сол сияқты не істеп жатқанына емес, мұны не үшін істеп жатқанына мән берсең, көп нәрсе анық бола түседі екен.  Адамдарды бағалап, сыпайылық танытып және құрметтесең, олар өзін маңызды әрі қауіпсіз сезінеді. Сәйкесінше, арада жақсы байланыс орнап, олардың жүрегіне жол табасың.


                                                Данияр Жігітбек“Лайфхактар”кітабынан

Тегтер: Рахмет, алғыс, адамдар, әлем

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.