Fly Arystan-ның басы тағы бәлеге қалды: жолаушыны ұшақтан түсіріп, психдиспансерге жіберген
Шымкент тұрғыны Айжан Кеңесова өзін рейстен заңсыз түсіріп, қорлап, еш негізсіз әуе компаниясының «қара тізіміне» енгізді деп есептейді.
Оқиға қарапайым жүктен басталған. Ұшуға дейін Айжан тіркеуден еш кедергісіз өткен: оның чемоданы қол жүгінің талаптарына сай деп танылып, отырғызу талоны берілген. Алайда ұшаққа мінер сәтте Fly Arystan супервайзері кенеттен оны тоқтатып, бұл рейспен ұшпайтынын хабарлаған.
Осы сәт жанжалдың басталуына түрткі болған. Әйелдің эмоциясы шыдамай жарылып, бұл сәт видеоға түсіп қалған. Оқиғадан кейін Айжанды полицияға тапсырған. Құқық қорғаушылар оны алдымен психоневрологиялық мекемеге, кейін наркологиялық орталыққа жеткізген. Екі тексеру де оның психикасында да, қанында алкоголь де жоқ екенін көрсеткен.
Дегенмен, Fly Arystan Айжанның әрекетін «ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіреді» деп бағалап, оны no-fly list-ке — яғни, енді ешқандай рейске отырғызылмайтын бейресми тізімге енгізген.
— Мені көпшіліктің көзінше еш түсініктемесіз рейстен түсіріп, құқық бұзған адамдай полицияға тапсырды. Бұл — масқара әрі әділетсіздік, — дейді Айжан әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айжанның айтуынша, ол 10 кг қол жүгінің ақысын алдын ала төлеп қойған және оның чемоданы әуе компаниясының барлық талаптарына сай келген. Ол бұл сөзін чемоданы фирмалық өлшеу қорабына сыйып тұрған суретпен растаған. Қазір ол Fly Arystan-нан салынған шектеуді алып тастауды, билет құнын қайтаруды және ішкі тергеу жүргізуді талап етіп отыр. Егер талаптары орындалмаса, сотқа жүгінуге дайын.
«АЖ» бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме сұрап, Fly Arystan компаниясына сауал жолдады. Алайда жарияланған сәтте әуе компаниясынан жауап түспеген. Осы уақытта желіде дәл осы әуе компаниясымен ұқсас жағдайға тап болған өзге жолаушылардың шағымдары көбейіп жатыр. Кейбір жолаушылар ешқандай нақты себепсіз ұшаққа отырғызылмағандарын жазуда.