2050 жылды күтпейді: Ресей Байқоңырды қайтаруға ниетті
Ресей билігі Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану жөніндегі келісімді мерзімінен бұрын тоқтату мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды newsroom.kz.
Telegram желісіндегі INSIDER-T арнасы Мәскеудің Қазақстанмен арадағы Байқоңырды жалға алу келісімін 2050 жылға дейін күтпей, ерте тоқтату жоспары барын жазды.
Шешім қашан қабылдануы мүмкін?
Дереккөз мәліметінше, ғарыш айлағын Қазақстанға толық қайтару туралы шешім 2026–2028 жылдар аралығында қабылдануы ықтимал. Бұл бастама жоғары деңгейде мақұлданып, Сыртқы істер министрлігі мен «Роскосмос» секілді жауапты мекемелерге жеткізілген көрінеді.
— Қазіргі таңда Байқоңыр 2050 жылға дейін Ресей мен Қазақстанның бірлескен басқаруында. Алайда Кремль өзге ғарыш айлақтарының мүмкіндігі жеткілікті деп санайды. Сондықтан Байқоңырды және аттас қаланы қаржыландырудан, сондай-ақ бірлескен жобалардан толық бас тартуға болады деп есептейді, — делінген INSIDER-T жарияланымында.
Әзірге бұл ақпаратқа қатысты Қазақстан мен Ресей тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ.
Бұған дейін не белгілі болған еді?
Еске салайық, бұған дейін Ресейдің Байқоңырды жалға алғаны үшін 2025 жылы Қазақстанға қанша қаржы төлемек екені жарияланған болатын.
— 2025 жылға арналған республикалық бюджет жобасында Ресей тарапынан Байқоңыр кешенін пайдалану үшін 54 млрд теңге, ал әскери полигондарды қолданғаны үшін 9,4 млрд теңге көлемінде жалдау төлемі түсетіні көзделген, — делінген құжатта.
Айта кету керек, бұл тек жобалық жоспар. Жыл соңына дейін оған түзетулер енгізілуі мүмкін. Қаражаттың нақты көлемі желтоқсанда қабылданатын республикалық бюджетте бекітіледі.
Байқоңыр ғарыш айлағын Ресей 31 жыл бұрын жалға алып, екі тарап келісімді бірнеше рет ұзартқан.
Былтыр БАҚ ғарыш айлағын жалға алу құны жылына 115 миллион долларды құрайтынын хабарлаған еді.