Экология

Ақтөбеліктер Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Достық» саябағын тазартты

«AMANAT» партиясының әр апта сайын өткізілетін "Таза бейсенбі" экологиялық акцияcы Қазақстан халқының бірлігі күніне орай "Бірлік ағашы" атауымен ұйымдастырылды. Тазалық іс-шарасына ақтөбеліктер де атсалысты,- деп хабарлайды newsroom.kz

Ақтөбе қаласында тазалық жұмысы «Достық» саябағында өтті. Партиялықтар саябақтың ішін тұрмыстық қалдықтардан тазартып, ретке келтірді. Сонымен қатар ағаштардың түбін әктеп, айналасын қопсытты. Акцияға өңіріміздегі партия белсенділері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, мәслихат депутаттары, «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері қатысты.

- Біз  «Таза бейсенбі» экологиялық акциясына тұрақты түрде атсалысып,  қоғамдық орындарды, ескерткіштер айналасын, су айдындары мен саябақтарды тазалау жұмыстарын жүргізіп келеміз. Биыл бұл игі іс-шара Қазақстан халқының бірлігі күнімен және Ассамблеяның 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгін біз орта іске ұйысып, бірліктің қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте сезіндік. Осындай бастамалар – ел бірлігінің, азаматтық белсенділік пен ортақ жауапкершіліктің жарқын үлгісі, - деді «Жастар Рухы» ЖҚ АОФ-ның төрағасы Әлішер Тыныштық.

Өткен бейсенбіде «Жастар Рухы» жастар қанаты белсенділері, партиялықтар қаладағы «Бауырластар зиратының» маңын тазартқан болатын. Мұнда соғыс жылдары жараланып, ауруханаларда көз жұмған 300-ге жуық кеңес жауынгері жерленген. Партиялықтар киелі орындардың айналасындағы қураған шөпті жұлып, қоқыстан тазалады.
«Таза бейсенбі» акциясына аудан тұрғындары да атсалысуда. Мәселен Шалқар ауданындағы партия мүшелері «Есет-Дәрібай» кесенесінің маңына тазалық жұмыстарын жүргізген болатын. Шараға бастауыш партия ұйымы, «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері және аудандық мәслихаттағы фракция мүшелері жұмылдырылды.

- «Есет-Дәрібай» кесенесі – Ақтөбе облысының жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енген, XIX ғасырда өмір сүрген халық батыры Есет Көтібарұлына тұрғызылған. Кесененің бірінші нұсқасы 1890 жылы шикі және күйген кірпіштен күмбезбен өріліп, 1993 жылы заман талабы бойынша ұлттық нақышта қайтадан салынды. Киелі орындарға тазалық жұмыстарын жүргізу тарихты ұмытпауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді, - деді аудандық мәслихаттың төрағасы Жарылғасын Шамбалаев.

Айта кету керек, «Таза Қазақстан» бастамасы қолға алынғаннан бері игі іске 4 миллионнан астам адам қатысты. Осылайша, 1,5 миллион тоннадан астам қоқыс жиналып, 3,3 миллионнан астам ағаш егілді. Ал «Таза бейсенбі» акциясы аясында ел аумағында 1000-нан астам ластанған аумақ тазартылып, 70 мыңнан астам азаматтың қатысуымен 120 мың тонна қоқыс жиналды.