Жаңалықтар

Шәріп Серік пен Бишімбаевке қылмыстық іс қозғалмайды

Актер Шәріп Серік жасанды интеллект көмегімен жасалған, онда өзі сотталған Қуандық Бишімбаевпен бірге бейнеленген сатиралық видеоға байланысты полицияға арыз түсірді. Алайда адвокаттар мен заңгерлер видеоны жасаушының әрекетінде қылмыстық құрам жоқ екенін айтып отыр. Яғни бұл істе қылмыстық іс қозғалуы екіталай, деп хабарлайды newsroom.kz.

 

 

«Қылмыстық құрам жоқ»

Видео авторларының бірі — блогер Арманның айтуынша, оған аудандық полиция басқармасынан хабарласып, Шәріп Серіктің оған қарсы ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша арыз түсіргенін айтқан. Бұл шағым 4,5 миллион қаралым, 142 мыңға жуық лайк пен 4 393 пікір жинаған видеодан кейін түсіп отыр. Видеода актер Шәріп Серік жасанды интеллект арқылы Қуандық Бишімбаевпен қатар көрсетілген.

Алайда заңгерлер бұл жағдайда қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін көріп отырған жоқ.

Адвокат Жанна Мұхамади істі тергеуге негіз жоқ екенін, арыздың «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне» (СДТБТ) тіркелуі де екіталай екенін айтады. Оны белгілі құқық қорғаушы, адвокат Жохар Өтебеков те қолдап, Арманға құқықтық көмек ұсынды.

— Видео кейіпкерлерінің жасанды интеллект арқылы жасалғаны анық, ал видеоны қолданушылар сатиралық туынды ретінде қабылдаған. Сондықтан мұнда жалған ақпарат туралы айту қиын, — деді Өтебеков «Курсив» тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Қазақстанда әзірге жасанды интеллект немесе deepfake-контентті қолдануды реттейтін арнайы заң жоқ. Бұл бағыттағы құжат әлі дайындалып жатыр. Сондықтан мұндай видеоларға қатысты жауапкершілік кәдімгі видео контентпен бірдей бағаланады. Дегенмен, Шәріп Серік те, Қуандық Бишімбаев та ар-намысы мен беделін қорғау үшін азаматтық шағым түсіруге құқылы. Бірақ Өтебековтің пайымынша, ондай талап-арыздың қанағаттандырылуы екіталай.

— Қылмыстық істің тіркелгеніне күмәнім бар. Мұндай жағдайда бәрі контекске байланысты. Егер бұл сатира екені айқын болса, жалған ақпарат деп тану қиын, — деді ол.

Бейнебаяндағы бейне – кімнің құқығы?

Ал заңгер Алишер Қадырбеков бұл мәселеде тек бір құқықтық негіз болуы мүмкін екенін атап өтті — ол ҚР Азаматтық кодексінің 145-бабы аясындағы «адам бейнесіне құқық».

— Видео сатиралық сипатта болғанымен және ешқандай жала жабу немесе қорлау болмаған күннің өзінде, Шәріп Серіктің бейнесі оның рұқсатынсыз қолданылған. Яғни deepfake технологиясымен жасалған видеода адамның бейнесін пайдалану — оның келісімінсіз жасалған әрекет болғандықтан, автор азаматтық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, — деді ол.

Заңгердің пікірінше, сатира немесе пародия болуы жауапкершіліктен босатпайды, тек оны жеңілдетуі мүмкін. Қазақстанда сатира мен пародия заңмен жеке дара реттелмеген, бірақ Конституцияның 20-бабында көрсетілгендей, бұл — сөз бостандығының бір формасы.

— Әрине, бізде цензураға тыйым салынған. Бірақ цифрлық контент авторлары әрқашан эмоцияға берілмей, болашақ салдарын да ескеруі керек. Қоғамдық көңіл-күйді қоздыру арқылы танымал болуға ұмтылу — дұрыс бағыт емес, — дейді Қадырбеков.

Сондықтан мұндай контентте сатира немесе ойдан шығарылғанын нақты көрсететін дисклеймер болуы тиіс.

ЖИ-ды реттейтін заң жоқ, бірақ болуы мүмкін

Қазіргі уақытта жасанды интеллектті қолдануға қатысты нақты заң болмаса да, авторлар авторлық құқық, ақпараттық қауіпсіздік, жеке бедел мен киберэтика салаларындағы басқа заңдарға сәйкес жауапқа тартылуы мүмкін.

Қадырбеков атап өткен негізгі қауіптер:

  • видеодағы адамның келісімінсіз бейнесін қолданғаны үшін азаматтық шағымдар;
  • жала жабу, фейк ақпарат тарату немесе экстремизм деп танылған жағдайда әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік;
  • автордың өз бейнесін қорғаудағы әлсіздігі — яғни оның видеосын өзгелер ұрлап қолданса, нақты құқықтық қорғанысы жоқ болуы мүмкін;
  • жалған немесе манипулятивті ақпарат таратуды шектейтін жалпы заң нормаларының қолданылуы.

Заңгердің айтуынша, Қазақстан заңнамасы халықаралық тенденцияларды ескеріп, уақыт талабына сай өзгеріп отырады. Сондықтан ЖИ және deepfake контентті реттейтін заңдар таяу арада қабылдануы әбден мүмкін.

Айта кетейік, бұрынғы сүйіктісі Әлия Бутееваның оны ұрып-соқты деп айыпталғаннан кейін Salem Entertainmentкомпаниясы оны «Патруль: соңғы бұйрық» фильмінен кесіп тастап, «Шақал» жобасын және Qarga сериалының үшінші маусымын тоқтатқан. Сонымен қатар актер Meow сериалының екінші маусымына да қатыспайды. Дегенмен, кейін Salem Entertainment компаниясы онымен қайта жұмыс істеуден бас тартпады.