Декретке шыққандарға төлем өзгерді: кім қанша алады?
Сәуір айынан бастап Қазақстанда декреттік төлемді есептеу тәсілі жаңартылды. Енді бұл жәрдемақы еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген күндерге сай, бірақ орташа айлық табыс 7 ең төменгі жалақыдан аспайтын көлемде есептеледі. Бұл дегеніміз — 595 000 теңге шекті табыс болып бекітілді, деп хабарлайды newsroom.kz.
Мәселен, бір емес, бірнеше жерде жұмыс істеп, айына жарты миллион теңгеден артық табыс табатын әйел балалы болуына байланысты еңбек демалысына шыққанда, ең көбі 2 499 000 теңге көлемінде төлем алады. Ал ядролық сынақ аймағында тұратын және арнайы куәлігі бар аналар үшін бұл сома 3 391 500 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Себебі оларға 170 күндік демалыс беріледі.
Жүктілікке байланысты төлемді тағайындау кезінде соңғы 12 айдағы табыс ескеріледі. Мысалы, 2025 жылдың сәуірінде декретке шыққан әйелдің табысы 2024 жылғы сәуір мен 2025 жылғы наурыз аралығында қаралады.
595 мың теңгеден жоғары табыс алатын әйелдер қосымша төлемді жұмыс беруші есебінен алуына болады. Ол үшін еңбек келісімшартында немесе ұжымдық шартта тиісті ереже болуы қажет. Егер ондай норма көрсетілмесе, қызметкер оны құжатқа енгізуді талап ете алады.
Айта кету керек, бұл өзгерістер ресми түрде жұмыс істемейтін әйелдерге әсер етпейді. Олар бұрынғыдай бала туғаны үшін біржолғы жәрдемақы мен бала күтімі бойынша ай сайынғы төлемді ала береді.
Біржолғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері:
бірінші, екінші және үшінші бала үшін – 149 416 теңге (38 АЕК),
төртінші және одан кейінгі балаларға – 247 716 теңге (63 АЕК).
Егіз немесе үшем дүниеге келген жағдайда бұл сома әр балаға жеке төленеді.
Айта кетейік, жуырда декреттік төлем алу үшін табысын әдейі жоғарылатып көрсеткен 113 әйелге қатысты тергеу басталып, 16 қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.