Сараптама

Иран портындағы жарылыс: кездейсоқтық па, әлде жоспарлы диверсия ма?

​2025 жылғы 26 сәуірде Иранның Бандар Аббасқаласының Шәһид Рәджаии портында жойқын жарылыс болғаны мәлім. Билік пен ақпарат құралдарының бұл жөнінде 2 күн бойы үнсіздік танытқанына бұқара әлеуметтік желілерде өз наразылықтарын жасырып қалмады.

Бұдан билік пен қоғамның күтпеген жайттан абдырап қалғанын көруге болады. Мәселенің уақытылы түсіндірілмеуі әлеуметтің ойын сан-саққа жүгірткенін атап өткен жөн. 

​Мұндай үнсіздік 2020 жылы ИИР әскери күштері Украинаның жолаушылар ұшағын атып түсірген уақытта орын алған болатын. Ол кезде билік қателікті бірнеше күн өткеннен кейін мойындаған еді.  
 

​Бұл жолы ИИР Мәжілісінің Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комитетінің төрағасы И.Резаии жарылыс порттағы әскери мақсатқа арналған материалдардың тұтануынан болмаған депмәлімдеді. Артынша ресми билік химиялық заттар жарылғанын хабарлады. Жойқын жарылыстан 46адам қаза болып, мыңдаған адам жараланды. Елде 28 cәуір ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.  

​ИИР Ислам кеңесі мәжілісінің төрағасы М.Ғалибаф 28 сәуірде Қадағалау, қауіпсіздік және сот органдары мен төрт парламенттік комиссияның өкілдері порттағы жарылыс оқиғасына қатысты жағдайды анықтау үшін егжей-тегжейлі және мұқият тергеу жүргізіп жатқанын, оның есебі жұртшылыққа ұсынылатынын мәлім етті. 

​ИИР Сот билігінің басшысы Ғ.Мохсени Ежеи де «нәтижесі төрт-алты айда белгілі болатындай жағдай болмауы керек» деді. Ел Президенті М.Пезешкиан жағдаймен жақын танысу үшін Һормозган провинциясына сапармен барды. 

​Оқиғадан бері екі күн өткеніне қарамастан,билік оқиғаның себебін нақты түсіндірмегендіктен, бұл «қастандық» және «жарылғыш заттарды, әсіресе қатты зымыран отынын ретсіз тасымалдау» болуы ықтимал деген сияқты болжамдарды күшейтті. Иранның ақпарат құралдары мен ресми тұлғалары бұл болжамдарды жоққа шығарды, бірақ әлі нақты түсіндірме берген жоқ. 

​Сонымен қатар консервативтік «Sobh-e-now» газеті Бандар портындағы жарылыстың «саяси сценарийлерін» зерделеп, бұл «жұмбақ оқиға алдымен адамдарды диверсиялық операция жасалғаны туралы ойлауға итермелейді» деп жазды. 

​Басылымның пікірінше, «оқиғаның саяси мәнмәтіні, атап айтқанда, оның келіссөздермен байланысты уақыты және Израиль Премьері Нетаньяхудың келіссөздерге қарсылық білдіріп, «біз өз миссиямыздан ешбір жағдайда шегінбейміз» деп айқын және ашық білдірген ұстанымы оны қауіпсіздікке қатысты күмәнді хабарламаға айналдыруы мүмкін». 

​Бұл басылым өз болжамын «келіссөздер ауанын бұзу және Иранның соңғы дипломатиялық табыстары үшін кек алу үшін жасанды дағдарыс жасау ықтимал диверсиялық операциялардың басты себептері болуы мүмкін» деп қорытындылады. 

​Кейбір сарапшылар бұл оқиғадан Израильдың «қолтаңбасын» көруге болады десе, енді басқалары мұны АҚШ-тың өз бәсекелесі Қытайдың Таяу Шығыс нарығындағы жолын кесу әрекеті деп пайымдады.  

​2000 жылдардың басынан бері Израиль Иранның ішінде еш кедергісіз, еркін қимылдап, «террорлық» шабуылдар ұйымдастырып келеді. Әр жылдары Иранның ядролық объектілеріне, ядролық физикамен айналысатын ғалымдары мен әскерилеріне жасалған бірнеше қастандық – осының дәлелі. Ресми билік «кінәлілер жазаланады, кек қайтарамыз» деп ұрандатқанымен, ол істер толық ашылмаған күйде қалып отыр. 

​Қазіргі уақытта Иран мен АҚШ ядролық келісімге қол жеткізу үшін келіссөздердің үшінші раундын аяқтады. Ал Израиль Премьер-министрі соңғы күндері кез келген келісім Тегеранның ядролық бағдарламасын жоюға әкелуі керек деп мәлімдеді. 

​Шәһид Раджаии портындағы жарылыс Иранды әлемдік саудадан ығыстырды, «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізіне жасалған соққы болды деп жазды сарапшылар. Шынында да, Бандар-Аббастағы бұл порт – жай ғана қойма мен айлақ емес, жылына ондаған миллион тонна жүкөткізетін геосаяси тұрғыдан маңызы зор нүкте. Бандар Аббас – дүниежүзілік сауда жолына тікелей шығатын ашық теңіздегі ең жақын порт ретінде Қазақстан үшін де маңызды. 

​2015 жылы Иран мен «алтылық» елдер арасында ИИР ядролық бағдарламасына қатысты келісімге (ЖҚБІЖ) қол қойылғанда, дүниежүзінің елдері мен ірі компаниялары Иран нарығындағы вакумнан өз тауашаларын табу үшін парсы еліне ағылып, кезекке тұрды. Шет елдер осы мемлекеттің Бандар Аббас, Чабаһар порттарында терминал, жер телімдерін алу жөнінде шарт жасасты. Біздің еліміз де портта жер телімін алуда осындай мақсат көздегені айқын. Бірақ 2017 жылы АҚШ билігіне Д.Трамп келгенде ол ЖҚБІЖ-ден шықты да,Иранға салынған санкциялар одан бетер қатая түсті.  

​Дегенмен қазір Иран-АҚШ келіссөздерінің бірнеше кезеңі жалғасуда. Келіссөзде Иран жағын бастаған А.Арағчи кәнігі дипломат, тәжірибелі келіссөзші болса, АҚШ тарапының өкілі Стивен Уиткофф та беделді кәсіпкер, сондай-ақ талантты келіссөзші ретінде сипатталуда. Мыңдаған жылдар бойы саудамен айналысып келе жатқан ирандықтардың қисыны мықты, қызыл сөзге келгенде алдына жан салмайтыны мәлім. АҚШ келіссөзді Израильдың көңілінен шығатындай мәнерде жүргізуге тиіс. Бұл - өте күрделі үдеріс. Сондықтан о баста-ақ келіссөздің біршама уақытқа созылатыны туралы болжам жасалды. Қалай болғанда да, белгілі бір оң нәтижеге қол жеткен жағдайда, Иран нарығының, осы ел арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерінің, Парсы жағалауындағы порттарының мән-маңызы арта түспек.  

​Бұл тұрғыда орта және алыс перспективада Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін және өзге де тауарларын Таяу Шығыс пен Африка елдерінің нарығына жеткізуге кең мүмкіндік ашыла түспегі кәміл.  

​«Жарылыс АҚШ-ИИР келіссөзінің 3-кезеңімен тұспа-тұс келген кездейсоқ оқиға ма әлде арнайыбір әскери операция ма?» деген сауал көпшіліккөкейін мазалады. Бұған 28 сәуірде кешке ИИР Ішкі істер министрі И.Моменидің мәлімдемесі нүкте қойғандай болды. Ол тергеу жүргізу үшін комиссия құрылғанын, кінәлілер ұсталғанын, олар жарылысқа қатысты кейбір мәселелерді түсіндіргенін және тергеу әлі жалғасып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қайғылы оқиғасалақтық, әсіресе қауіпсіздік ережелерін бұзу және ұқыпсыздық салдарынан орын алған. 

​Мұндай жағдай Иранға және өзге елдерге сабақ болып, келешекте қайталанбағаны абзал болар еді. Себебі бүгінде Ирандағы жағдайдың тұрақты болуына өңір мемлекеттерінің көпшілігі мүдделі екені айқын.  

​ Д.Құдабайұлы, 

Шығыстанушы