Жеңіске 80 жыл: тарихты төңкеріп қарайтын кез келді
Биыл 9 мамырда Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске – 80 жыл толады.
Биыл 9 мамырда Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске – 80 жыл толады. Осы ретте, біз тарихшылар мен саясаттанушылардың пікірлерін білген едік.
Алдымен, Ұлы Жеңісті жақындатуға Қазақстанның қосқан үлесі қандай? Саясаттану ғылымдарының кандидаты Нұрлан Мұратханның айтуынша, қазақстандықтар бұл соғысқа қанын да, жанын да берді, алтынын да, жақынын да берді. Өйтпегенде ше? Сұм соғысқа бір милионнан астам адам аттанып, соның жартысынан көбі майдан даласында қаза тапты емес пе?
– Бұл соғыста адам шығыны өте көп болды ғой, - дейді ол. – Оның ішінде қазақстандықтар да жетерлік. Кез келген елдің басты құндылығы адам деп алатын болсақ, онда Ұлы Жеңісті жақындатуда қазақстандықтардың айқын қолтаңбасы жатыр десек, қателеспейміз. Біздің батырларымыз – Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Мәлік Ғабдуллин, Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев... Олардың бәрінің бірдей атын атап түсін түстеп тауыса алмайсыз. Соның өзі халқымыздың рухы қаншалықты биік болғанын анық аңғаруға болады емес пе?! Сол қанды майдан даласынан оралмаған боздақтардың қаншасының сүйегі қай жерде жатқаны да белгісіз. Қаншасы соғыс уақытында батыр атағына ұсынылып, әлі күнге дейін ала алмай жүр... Мәселен, солардың бірі Ыбырай Сүлейменов сияқты мергендер Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанымен, марапатталмаған. Тарихтың ақтаңдақ беттерін ашу жұмыстары әлі де жүргізіліп келеді. Бұл тарихшылардың қасиетті парызына айналды десе де болады. Өйткені, бұл – нағыз ақы алмай жасайтын жұмыстар ғой. Бірақ, көп уақытты және асқан табандылық пен төзімділікті талап етеді.
Ал, адам өмірінен басқа шығындарды айтатын болсақ, Қазақстан майданға 85% қорғасын, 30% мыс, 6 миллион тонна бидай, миллион тоннаға жуық ет, 150 мың жылқы, 25 миллион жылы киім және 4 миллиард сом ақша жинап, әскери техника мен қару-жарақ алып берді. Демек, біздің халық батырлық пен батылдық танытып, қайтпас қайсарлық пен көзсіз ерлік көрсетіп қана қоймай, ерен еңбек пен тынымсыз жұмыстың озық үлгісін де қалыптастырды деген сөз. Бір қарағанда, мұның бәрі тарих оқулығында жазулы тұр. Мектеп оқушылары оны күнделікті тарих сабағы үстінде біле алады. Алайда, аяушылықты білмеген сұрапыл соғыстың суық салқынын сезіну әсте мүмкін емес. Бұл үшін сол кездегі жағдайды айнытпай қазіргі уақытқа келтіру керек. Мұнымен қазір көршілес Ресей мемлекеті айналысып жатыр. Олар соғыс кезіндегі қиындықты тек саналы түрде ғана емес, физикалық тұрғыда сезіндіру үшін арнайы симмуляциялық база қалыптастырды. Осындай тәжірибелерді бізде де іске асыруға болады.
Иә, соғыстың қалай болғанын және Жеңіске қалай қол жеткенін тарих оқулығы толық айтып бере алмасы анық. Оны болашақ ұрпақ толықтыра түсері сөзсіз. Ал, әзірге архивте сақталған бар құжаттарды зерттеп, зерделеп, кейінгі ұрпаққа сақтап қоюымыз қажет. Бұл – қарағандылық білікті ұстаз, тарих пәнінің мұғалімі Назгүл Ниетқалиеваның пікірі.
«Тарих деген шегі мен шеті қайда екені белгісіз үлкен мұхит тәріздес қой. Оны қаншалықты меңгере алсаң, соншалықты шындыққа жақындай түсесің. Мен өзім Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын алғашқылардың бірі болып тіккен жан басқа емес, қазақстандық екенін мақтан тұтамын. Ол – Рақымжан Қошқарбаев! Осының өзі менің жүрегіме үлкен мақтаныш сезімін сыйлайды. Бұл барша қазақстандыққа зор рух беруі тиіс деп ойлаймын. Яғни, біз осындай батырлардың ұрпағы екенімізді мақтан тұтуымыз керек деп ойлаймын. Осыны өсіп келе жатқан ұрпаққа ұғындыра білуіміз қажет. Қалай болғанда да, бүгінгі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманды сыйға тартқан ардагер аға-апаларымызға алғысымызды ең болмаса осылай білдірсек бір ғанибет!» дейді ол.
Биыл Жеңіс туының желбірегеніне 80 жыл толады. Бұл – ғасырға жуық уақыт, яғни, аз уақыт емес. Демек, тарихты таразылайтын кез келді. Ендеше, осынау мерейлі жылда қандай жұмыстар қолға алынуы керек? Біз бұл сұрақты еліміздің Журналистер одағының мүшесі, жас ақын Әділет Қанатұлына қойып көрдік.
– Жеңістің 80 жылдығы бұл – жай дата емес, бұл – ерекше дата. Сондықтан оны айрықша атап өту керек. Алдағы 9 мамыр күні жылдағы әскери шерумен ғана шектеліп қалмауы тиіс деп ойлаймын. Нақтырақ айтқанда, биылғы Жеңіс күні ел есінде мәңгі сақталып қалатындай болуы керек. Екінші жағынан, бұл жас ұрпақ үшін үлкен үлгі болары айтпаса да түсінікті жайт. Мен өзім биыл өзімнің өлеңдер мен әңгімелер жинағымды жарыққа шығарғым келеді. Әрине, егер үлгерсем, биылдан қалдырмай басып шығаруды ойлап отырмын. Бұл кітаптың әр бөлімі еліміз үшін ерекше мәнге ие мерейлі даталарға арналатын болады. Олардың ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы да бар. Онда батыр атағына ұсынылғанымен, оған жете алмағандардың ерлік даңқын паш ететін жалынды жырлар мен әсерлі әңгімелер болады деп жоспарлап отырмын. Бұл ойымның қаншалықты іс жүзінде жүзеге асатынын уақыт көрсететін болады. Әзірге сол еңбегімді толықтыру үстіндемін» дейді кейіпкеріміз.
Иә, Жеңіс талай жалынды жырлар мен рухты әндерді дүниеге әкелгені белгілі. Ендеше сол игі дәстүрді Әділет секілді жас ұрпақ жалғаса, нұр үстіне нұр!