Ақмола облысының Есіл ауданында, Есіл-Арқалық учаскесі маңындағы реттелетін теміржол өткелінде пойыз бен трактордың соқтығысуы орын алды. Мәлім болғандай, трактор жүргізушісі алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
«Өткелдегі сигнализация жүйесі дұрыс жұмыс істегеніне қарамастан, трактор жүргізушісі жол жүру ережесін өрескел бұзып, келе жатқан пойыздың алдынан өткелге шығып кеткен. Машинист шұғыл тежеу қолданғанымен, соқтығысудың алдын алу мүмкін болмады. Оқиға салдарынан трактор жүргізушісі ауыр жарақат алды», – деп мәлімдеді "Қазақстан темір жолы" компаниясының баспасөз қызметі.
Оқиғаға байланысты тергеу басталды. Белгілі болғандай, марқұм 44 жаста болған және жергілікті бір жауапкершілігі шектеулі серіктестікте жұмыс істеген.