Оңғар Қабден: Қазақ тілінің дамуын халықаралық ұйымдар да мойындап отыр
Журналист Оңғар Қабден өзінің Facebook парақшасында қазақ тілінің қазіргі жағдайына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды newsroom.kz.
Ол әлемдегі тілдердің жай-күйін бақылап отыратын халықаралық ұйым – Ethnologue қазақ тілінің деңгейін «институционалды» деп бағалағанын жазды. Бұл – тілдің тек күнделікті өмірде ғана емес, үкіметте, білім беру мекемелерінде, бұқаралық ақпарат құралдарында және қоғамдық өмірде кеңінен қолданылатынын білдіреді.
"2020 жылға дейін қазақ тілі «дамушы» деңгейінде еді. Кейінгі он жылда тілдің қолданылу аясы айтарлықтай кеңіді. Мұны күнделікті өмірде де, Ethnologue есебінен де көруге болады", – дейді журналист.
Оңғар Қабден соңғы жылдары қазақ тіліндегі интернет контентінің артуы, тіл меңгерушілер санының өсуі және мемлекеттік қолдаудың күшеюі қазақ тілінің дамуына оң әсер еткенін атап өтті. Ол телеарналардағы қазақша контенттің биылдан бастап кемінде 55 пайызды құрауы керектігін де еске салды.
Сонымен бірге, журналист қазақ тілінің жағдайын "құрып бара жатыр" деп айғайлап, радикалды әрекеттерге барғандардың тәсілін сынға алды. Оның пікірінше, біреуді мәжбүрлеу кері реакция туғызып, тілге деген көзқарасты нашарлатуы мүмкін.
"Президент Тоқаев шетелден келуі мүмкін арандатушылық әрекеттерге тосқауыл қою қажеттігін бірнеше рет айтты. Өйткені еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшілік — тәуелсіздіктің басты құндылығы", — деп жазды ол.
Журналист соңында тіл мәселесінде айғаймен емес, кешенді әрекеттер мен уақыттың қажет екенін атап өтті.