Жаңалықтар

Қазақстандағы МҚҰ-лардың алаяқтық схемалары: артық төлемдер 500%-ға жеткен

Қазақстанда бірқатар микрокаржы ұйымдарының (МҚҰ) тарапынан жасалған алаяқтық және заңсыз кәсіпкерлік қызмет бойынша тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды newsroom.kz порталы Finratings.kz-ке сілтеме жасап.

Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) мәліметінше, заңсыз әрекеттердің салдарынан 327 мыңнан астам азамат жапа шеккен. Келтірілген шығын көлемі — 30 миллиард теңге.

Іс қатысушылары: белгілі МҚҰ-лар тергеуде

Тергеу "Creditum", "Sofi Finance", "Hava Finance", "SF Offline", "POS Credit" және "Сәлем Кредит" секілді микрокаржы ұйымдарына қатысты жүргізіліп жатыр. Бұл ұйымдардың басшылығы өзара байланысқан компаниялар желісін құрып, клиенттерді алдап, бастапқы қарыз сомасынан бірнеше есе көп төлеуге мәжбүрлеген деген күдікке ілінді.

Алаяқтық схемасының механизмі: өлім жағдайындағы «кепілдіктер» — асыра бағамен

ҚМА мәліметінше, төлемді кешіктірген қарыз алушыларды "Hava Finance", "SF Offline", "POS Credit" сияқты байланысты құрылымдармен кепілдік шарттарын жасасуға мәжбүрлеген. Бұл келісім-шарттарда кепілдік тек қарыз алушы қайтыс болған жағдайда ғана күшіне енетіні көрсетілген. Алайда, осы үшін негізгі қарыз сомасынан бірнеше есе асатын қосымша төлем алынған.

— Нәтижесінде азаматтар қарыз сомасынан 3-5 есе көп төлем жасауға мәжбүр болды, — деді ҚМА өкілдері.

Активтерді бұғаттау және қамауға алу

Зардап шеккендердің мүддесін қорғау және заңсыз әрекеттерді тоқтату мақсатында аталған МҚҰ-лардың шоттарына 1,8 миллиард теңге көлемінде тыйым салынды, сондай-ақ жалпы сомасы 30 миллиард теңге болатын несие портфелі бұғатталды.

Алаяқтық схемасының ұйымдастырушысы екі айға қамауға алынды, қазірге дейін сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оның екі тұрғын үйіне және BMW X6 мен Toyota Tundra автокөліктеріне (жалпы құны 225 миллион теңге) тыйым салынған.