Алматыда тұрғындар арасында Президенттік тестілер бойынша жарыс өтеді
Ертең сағат 09:30-да Орталық стадионның қосалқы алаңында қала тұрғындары арасында Президенттік тестілер бойынша Алматы қаласының чемпионаты өтеді,- деп хабарлайды newsroom.kz
Іс-шара Алматы қаласының Спорт басқармасы және «Алматы қаласының Президенттік көпсайыс пен теңіз спорт түрлері федерациясы» ҚБ қолдауымен, салауатты өмір салтын және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында өткізіледі.
Жарысқа 9 жастан бастап қала тұрғындарының барлығы қатыса алады. Бұл – өз күшіңізді сынап көруге және физикалық дайындық деңгейіңізді тексеруге тамаша мүмкіндік.
Дене жаттығуларының түрлері:
• 30, 60 және 100 метрге жүгіру
• орнында тұрып ұзындыққа секіру
• Биік кермеде тартылу (ерлер үшін)
• Кеудені көтеру (шалқалап жатқан қалыпта) (әйелдер үшін)
• Төзімділікке жүгіру: 500 және 1000 метр
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ерлер мен әйелдер арасында жас ерекшеліктері бойынша бөлек анықталады. Жоғары нәтиже көрсеткен барлық қатысушылар медальдармен және дипломдармен марапатталады.
Іс-шара өтетін жерде спорттық-ойын-сауық аймағы, музыкалық сүйемелдеу, фотозона, сондай-ақ қатысушыларға дайындалуға көмектесетін волонтёрлер мен нұсқаушылар жұмыс істейтін болады.