Сириядағы содырларға екі қызын бермек болған әйел ұсталды
Астана қаласының тұрғыны кәмелет жасына толмаған екі қызын Сириядағы экстремистік топтардың мүшелеріне ұзатуды жоспарлаған. Ол Түркия арқылы Сирияға ұшуға дайындалып жатқан сәтінде Алматы әуежайы маңында қолға түсті, деп хабарлайды newsroom.kz.
Қалалық прокуратураның мәліметінше, әйел адам Telegram мессенджері арқылы терроризмді дәріптейтін материалдар мен идеологиялық мазмұндағы жазбаларды таратқан. Сонымен қатар, Сириядағы қарулы ұйымдардың қатарына қосылу мақсатында нақты әрекеттерге барғаны анықталған.
Тергеу материалдары бойынша, сотталушы чаттарда діни себептермен жүргізіліп жатқан қақтығыстарды қолдап, өз ойларын ашық білдірген. Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған екі қызын Сириядағы содырлармен некелестіру жоспары да осы чаттарда сөз болған.
Айыптаушы тарап істі қарау барысында сотқа әйелдің терроризмді насихаттағаны және лаңкестік ұйым құрамына кіруге ниетті болғаны жөнінде нақты дәлелдер ұсынған. Нәтижесінде, сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Астана қаласының прокуратурасы Қазақстан заңнамасына сәйкес, террористік топ құру, оған жетекшілік ету немесе оның жұмысына араласу мүлкін тәркілеумен қоса 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейтінін еске салады.