"Тас дәуірі дерсің": Шетелдік турист жол бойындағы дәретханаларды сынға алды
Жақында әлеуметтік желіде Беларусь елінен келген саяхатшының Қазақстан жолдарындағы қоғамдық дәретханаларға қатысты бейнежазбасы қызу талқыға түсті. Ол бір қарағанда заманауи әрі таза көрінетін жанармай бекетіне тоқтағанын, алайда ондағы дәретхананың жағдайы «тас дәуірін» еске түсіретінін айтып, ашуын жасыра алмады, деп хабарлайды newsroom.kz.
Ол Қазақстанның жақсы жақтары көп екенін атап өткен. Алайда бір мәселе – жол бойындағы дәретханалардың лас әрі қолайсыз күйде екеніне қатты қынжылады.
"Қазақстанның жақсы жақтары өте көп. Бірақ бір таң қалатыным: Неге Қазақстанда жол бойындағы дәретханалар өте лас? Сорылмаған, толып тұр; әр жерінде тесік бар, сасық әрі дәретхана қағазы да тұрмайды. Дәл қазір бір әп-әдемі жанармай бекетінде тұрмыз. Бірақ (даладағы) дәретханасына айтарға сөз жоқ! Тас дәуірі дерсің! Қазақстан десе, көз алдыма тек осындай дәретханалар келеді" – дейді ол видео барысында.
Бір қызығы, ол жол бойында жалғыз өзі орналасқан дәретхананы айтпаған. Керісінше тамақтану орындары мен жанармай бекеттеріндегі дәретхана туралы айтуда.
“Әп-әжептәуір тамақтанып алған соң дәретхананың да жақсы болғанын қалайсың ғой”, - дейді ол.
Отандық кәсіпкерлер тұтынушыларының жағдайына неге мұншалықты бейжай болды екен?! Мүмкін бұған кәсіпкерлер жауапты емес шығар? Мәселенің мән-жайын білу үшін тиісті органдардан сұрап, нақты жауап алдық.
Ресми жауап не дейді?
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, республикалық маңызы бар 25 мың шақырым жол бойында 1449 жол бойындағы сервис нысандары (кафе, жанармай бекеттері, қонақ үйлер) бар. Олардың барлығы жылы дәретханалармен қамтамасыз етілген деп көрсетілген. Сонымен қатар, 830 суық дәретхана және қосымша 144 жылы санитарлық-гигиеналық торап орнатылған. Биыл тағы 21 жаңа жылы дәретхана орнату жоспарланған.
Алайда бұл нысандардың санитарлық жай-күйі қандай екеніне тікелей жауапты адамдар – нысан иелері немесе жалға алушылар. «ҚазАвтоЖол» тек бақылау жүргізіп, ескерту берумен шектеледі. Ал нақты күтім мен тазалық – жеке бизнес өкілдерінің қолында.
Санитариялық талаптар қандай?
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қоғамдық дәретханаларға нақты санитарлық талаптар қойылатынын жеткізді. Бұл талаптар ҚР ДСМ-67 бұйрығымен бекітілген. Талаптар орындалмаған жағдайда тексеріс барысында жауапты тұлғаларға 20 АЕК-тен бастап 1600 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.
Қазақстандық жиһанкез блогер не дейді?
Қазақстан ауылдарын көлігімен аралап жүрген блогер Айбар Төлеубековтың айтуынша, жол бойындағы жағдай әртүрлі.
– Бір бекеттерде дәретханада жақсы жағдай жасалған. Тіпті, дәрет алып, намаз оқитын орындар да бар. Бірақ кей жерлерде мүлде кіргің келмейді. Егер ондай жерлерге шетелдік туристер жиі тап болса, бұл ел имиджіне теріс әсер етеді, – дейді ол.
Шетелдік туристің бейнежазбасы – еліміздегі өзекті мәселенің бір көрінісі ғана. Мемлекеттік деңгейде дәретханалар саны артқанымен, олардың сапасы мен санитарлық жағдайы жеке кәсіпкерлердің жауапкершілігінде қалып отыр. Таза әрі жайлы дәретхана – дамыған елдің ең қарапайым, бірақ маңызды көрсеткіші.
Сондықтан елге келген қонақтың алғашқы әсері – дәретханадан басталмауы тиіс.
Туризмді дамыту үшін тек табиғат көркін емес, инфрақұрылым мен сервисті де заманауи стандартқа сай ету қажет.