Тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлеген Түркі Академиясының президенті, академик Шаһин Мұстафаев бұл басылым тек көркем туындының түпнұсқалық рухын қайтару ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудың айқын көрінісі екенін атап өтті.
Мұхтар Әуезовтің аталған романы әзербайжан тілінде алғаш рет 1954 жылы Эюп Аббасовтың тәржімелеуімен, сол кездегі кирилл қарпінде жарық көрген болатын. Алайда ол нұсқа орыс тілінен аударылған еді. Одан берідегі 70 жылдан астам уақыт ішінде әйгілі шығарма әзербайжан оқырмандарына қайтадан ұсынылған емес.
Бұл жолы роман қазіргі әзербайжан әдеби тілі нормаларына сай латын қарпімен әрі қазақ тіліндегі түпнұсқасы бойынша салыстырыла тексеріліп, алғашқы басылымдағы қателіктер түзетіліп, кезінде кеңестік цензура себебімен қысқарып кеткен кейбір тұстары толықтырылып басылды.
Академик Шаһин Мұстафаев романды жаңа әліпбимен қайта басып шығаруға атсалысқан редактор Фарид Хусейнге және барша шығармашылық топқа ризашылығын білдірді.
– «Абай» романының мұндай форматта жарық көруі – тек әдеби оқиға ғана емес. Бұл – мәдени жадыны жаңғырту, ортақ рухани мұрамызға деген құрмет пен оны сақтау жолындағы нақты қадам. Түркі Академиясы алдағы уақытта да түркі халықтарының мәдени-рухани мұрасын зерделеу және насихаттау бағытындағы кешенді жұмыстарды жалғастыра береді, – деді Академия басшысы.
Тұсаукесерге Әзербайжандағы Ататүрік орталығының жетекшісі Низами Джафаров, Әзербайжан Милли Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлім Байел, ТҮРКПА Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Ер, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының аппарат жетекшісі Фахри Хаджиев, сондай-ақ ғылыми және білім беру мекемелерінің өкілдері, әдебиет және мәдениет қайраткерлері қатысты.