Қытайда алтынды қабылдап, ақшаны аударып беретін банкомат пайда болды
Шанхайда сауда орталығының ішінде ерекше қызмет көрсететін «ақылды» банкомат іске қосылды. Ол алтын бұйымдарды қабылдап, сапасын тексеріп, ерітіп, бағалап, 30 минуттың ішінде иесінің банк шотына ақшаны аударады, деп хабарлайды newsroom.kz
Қытайлық Kinghood Group компаниясы жасаған автомат:
▪️ салмағы 3 грамнан асатын, құрамында кемі 50% алтын бар зергерлік бұйымдарды қабылдайды;
▪️ бұйымды талдайды, ерітеді, өлшейді, бағасын есептейді;
▪️ құнын иенің банк картасына аударады – ешқандай қағазбастылықсыз, барлығы жарты сағат ішінде.
Қазір алтын бағасының рекордтық деңгейге жетуі халықтың қызығушылығын арттырды. Қала тұрғындары ескі әшекейлерін өткізу үшін ұзын-сонар кезекке тұруда. Chinatimes.com дерегінше, автоматты қолдануға берілген орындар мамыр айына дейін толық броньдалған.
Демонстрация кезінде 40 граммдық алтын алқа граммына 785 юань (56 000 теңге) бағамен сатылды. Жалпы сома — 2,5 миллион теңгеден астам.
Шанхай алтын қауымдастығының өкілі Сюй Вэйсиннің айтуынша, мұндай құрылғылар алтынды қайта өңдеу мен сату саласына деген сұраныстың артуын көрсетеді. Бұл үрдіс әлемдегі орталық банктердің алтын қорын ұлғайтуымен де байланысты.