Жаңалықтар

Каспий тартылып барады: теңіз деңгейі тарихи ең төменгі көрсеткішке жетті

Каспий теңізі жылдан-жылға тартылып барады. 2023 жылы оның деңгейі бұрын-соңды болмаған ең төмен межеге – Балтық теңізінің деңгейінен 29,21 метр төменге дейін түскен. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Болат Бекнияз мәлімдеді, деп хабарлайды newsroom.kz.

Министр орынбасарының айтуынша, 1900 жылы Каспий деңгейі минус 25,7 метр болса, 1977 жылы ол 29,01 метрге түскен. Ал қазіргі көрсеткіш одан да төмен – бұл алаңдаушылық туғызбай қоймайды.

Негізгі себеп – теңізге келіп құятын судың азаюы. Каспийдің 80%-дан астамын қамтитын Еділ (Волга) өзені 2023 жылы небәрі 207 текше шақырым су берген. Ал теңіз деңгейін ұстап тұру үшін жылына 270–275 км³ су қажет.

«Ғалымдар қазіргі климаттық жағдай мен су шаруашылығының реттелу тәртібі өзгермесе, Каспий деңгейі әлі де төмендей береді деп болжайды», – деді Бекнияз.

Қазір теңіз әсіресе шығыс-солтүстік бөлігінде қатты таяздануда. Бұл аймақтың өзі де бұрыннан суы тайыз болған. Егер табиғи және су реттеу жағдайы жақсармаса, 2030 жылға қарай Каспий деңгейі минус 30,2 метрге дейін төмендеуі мүмкін.