Блогер Дарикорнның басы тағы бәлеге қалды
Миллион оқырманы бар блогер Дариға Нұркеева жол бойында бұрылыс белгісін қоспастан, жолақтарды күрт ауыстырып, апаттық жағдай туындатқан. Мұны Алматы қалалық полиция департаменты интернет кеңістігін талдау барысында байқап жауапқа тартты, деп хабарлайды newsroom.kz.
Блогер жол қозғалысы ережесін әдейі және өрескел бұзған сәті видеоға түсіріліп әлеуметтік желіге жүктелген.
Полиция департаменті аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп, блогердің әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты.
- Мұндай әрекеттер — жай ғана жауапсыздық емес, бұл — айналасындағылардың өмірі мен денсаулығына әдейі қауіп төндіру. Ең сорақысы — мұның бәрі әлеуметтік желіде лайк пен қаралым жинау үшін жасалады, дейді Алматы қалалық ПД.
Сондай-ақ, Алматы полициясы әрбір заң бұзушылық бейнежазбасы — міндетті түрде тексеріліп, адамдардың назарын аудару үшін "барлығына рұқсат" деген түсінікті насихаттау — заң алдында қатаң жазаланатынын ескертті:
Танымалдылық, жазылушылар саны немесе жұрт алдындағы белсенділік ешкімді жауапкершіліктен босатпайды. Заң – бәріне ортақ. Жазаға тарту қағидасы – бұлжымай орындалатын талап.
Барша азаматтарды жолда жауапкершілік пен тәртіпке шақырамыз. Қауіпсіздік – ойын немесе контент емес. Бұл – әр адамның азаматтық міндеті.