Жаңалықтар

Қазақстан су қоймаларындағы жағдай: 22 сәуірге арналған мәлімет

2025 жылғы көктемгі тасқын әлі де өзекті мәселе күйінде қалып отыр.

Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздің өңірлеріндегі ірі су қоймаларынан суды бақыланатын тәртіппен босату жалғасып жатқанын мәлімдеді. Бұл шаралар тасқын суларды қабылдауға және қауіпсіз өткізуге дайындық аясында қолға алынған, деп хабарлайды newsroom.kz ведомствоға сілтеме жасап

Министрліктің 22 сәуірдегі мәліметінше, Ақтөбе, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында су тасқынының шарықтау шегі артта қалды. Бұл өңірлерде жағдай тұрақталып келеді, су қоймаларындағы судың көлемі толық бақылауда.

Ал басқа облыстарда су босату штаттық режимде жүргізілуде:

Ақмола облысында: Астаналық су қоймасынан – секундына 20,02 текше метр, Сілеті су қоймасынан – 24,24 м³/сек, Шағалалыдан – 1,5 м³/сек су босатылып жатыр.

Шығыс Қазақстан облысында: Өскемен су қоймасынан – 1030 м³/сек, Бұқтырма қоймасынан – 945 м³/сек.

Абай облысында: Шүлбі су қоймасынан – 3505 м³/сек.

Қарағанды облысында: Интумак қоймасынан – 8 м³/сек, Самарқан су қоймасынан – 2 м³/сек.

Ұлытау облысында: Кенгір қоймасынан – 20 м³/сек.

Солтүстік Қазақстан облысында: Сергеев су қоймасынан – 2040,4 м³/сек, Петропавл қоймасынан – 1868,8 м³/сек.

Министрлік барлық су деңгейін реттеу жұмыстары техникалық талаптар мен қауіпсіздік ережелеріне сай жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жағдай ведомствоның тұрақты бақылауында. Халыққа қабылданып жатқан шаралар туралы жүйелі түрде ақпарат беріліп отыр.