Жаңалықтар

1 мамырдан бастап жедел жәрдем шақыру тәртібі өзгереді

1 мамырдан бастап елімізде жедел жәрдемнің мобильді бригадалары жаңа тәртіппен жұмыс істейді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды newsroom.kz.

Министрлік мәліметінше, жедел жәрдем көлігінің кешігіп келуіне қатысты шағымдардың жиілеуіне байланысты, сондай-ақ шұғыл қызметтің жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында төртінші санаттағы шақыртуларға қызмет көрсететін емханалар жанындағы мобильді топтардың жұмысына өзгерістер енгізілуде.

Төртінші санаттағы шақыртулар — науқастың өміріне қауіп төндірмейтін, бірақ медициналық көмек қажет ететін жағдайларды қамтиды. Мәселен, қан қысымының көтерілуі, дене қызуының жоғарылауы немесе жеңіл жарақаттар.

Жаңа тәртіп бойынша:

  • Емханалар жанындағы мобильді бригадалар жұмыс күндері сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін қабылдайды;
  • Осы уақыт аралығында төртінші санаттағы шақыртулар бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) мобильді топтарына жіберіледі;
  • Ал кешкі 20:00-ден кейін және демалыс күндері барлық шақыртуларды, соның ішінде төртінші санаттағыны да бұрынғыдай жедел жәрдем бригадалары қабылдай береді.

Министрліктің дерегінше, қазіргі таңда жедел жәрдем шақырулардың 50 пайыздан астамы дәл осы төртінші санатқа жатады. Олардың көпшілігі созылмалы аурулардың асқынуына байланысты.

«Мұндай шақыртулар өміріне қауіп төнген науқастарға көмектесуге арналған ресурстарды бөліп алады. Сондықтан бұл өзгерістер жүктемені оңтайландырып, көмек күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді министрлік.

Бұдан былай БМСК мобильді бригадалары тек шақыртуларға емес, сонымен қатар алдын ала жоспарланған үйге бару жұмыстарына да тартылатын болады. Бұл әсіресе созылмалы аурулары бар науқастарға дер кезінде бақылау жасап, жағдайы нашарлаған кезде тез әрекет етуге мүмкіндік береді.

БМСК топтары 25 мың адамға бір бригада есебімен жасақталады және науқастың тіркелген жеріне қарамастан, тұрғылықты немесе нақты тұрып жатқан мекенжайына барады.

Қажет болған жағдайда бұл топқа педиатр, кардиолог, невропатолог секілді тар шеңберлі мамандар да қосылады. Мұндай тәсіл медициналық көмекті нақты әрі сапалы ұйымдастыруға жол ашады.

Айта кетейік, жедел жәрдем шақыру тәртібі өзгеріссіз қалады — 103 нөмірі арқылы тәулік бойы кез келген уақытта жедел жәрдем шақыруға болады. Егер науқастың жағдайы өміріне қауіп төндірсе, бригада күн мен түнге, апта күніне қарамастан жолға шығады.

Шақыртуға жету уақыты бойынша да стандарттар сақталады:

  • I санат – 10 минут,
  • II санат – 15 минут,
  • III санат – 30 минут,
  • БМСК бригадасы – 60 минут ішінде жетуі тиіс.

Статистика:
2025 жылдың алғашқы тоқсанында жедел жәрдем қызметі 2,1 миллионнан астам шақыртуға жауап берген. Оның ішінде:

  • I санат – 104 443 шақырту,
  • II санат – 642 312,
  • III санат – 574 580,
  • IV санат – 763 463,

оның 518 мыңнан астамына БМСК мобильді топтары қызмет көрсеткен.