Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

«Бұл — қысастық емес»: Шымкентте Берденовке шабуыл себебі жоққа шығарылды

Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының басшысы Әйгерім Жұмакұлова қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қарулы шабуыл жасауға күдікті азаматтың жұбайына қатысты қысастық жасалды деген нұсқаны жоққа шығарды, деп хабарлайды newsroom.kz.

«Бұл — қысастық емес»: Шымкентте Берденовке шабуыл себебі жоққа шығарылды
Фото: shyndyk.kz

«Полиция бөлімінде ұсталған азаматтың әйелімен сөйлестім. Ол жауап беру үшін келгенде Руслан Берденовпен таныс емес екенін айтты. Онда қандай қысастық туралы айтуға болады? Тергеу нәтижесі шықпаған, сот шешім қабылдамаған жағдайда — сіздерге нақты дәлелсіз айыптауға кім құқық берді?» — деп жазды Жұмакұлова әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол тергеу аяқталмай тұрып, расталмаған мәліметтерді тарату мен күдіктінің әрекетін ақтауға тырысуды айыптады.

«Қысастық жасалды деген жорамал таратумен шектелмей, оны заңсыз әрекетті ақтау ретінде ұсынатын адамдарды түсінбеймін. БАҚ, блогерлер, құқық қорғаушылар — Қазақстан Республикасының заңдарын ұмытпаңыздар. Күдікті мен оның жарының жеке деректерін, әлеуметтік желідегі парақшаларын, суреттерін жариялау және расталмаған ақпаратты шындық ретінде ұсынуға медиа заңгерлер өз бағасын береді», — деді ол.

Жұмакұлованың айтуынша, нақты дәлелге сүйенбеген мұндай мәлімдемелер қос отбасыға да ауыр тиюде. Әр отбасында балалар бар, олардың да тағдыры қысымға ұшырауы мүмкін.

«Руслан Берденовке қысастық жасады деп дәлелсіз айып тағу арқылы сіздер бұл отбасыларға қандай күйзеліс әкеліп отырғаныңызды бір сәтке болсын ойлап көрдіңіздер ме? Тоқтауға болмай ма?» — деді Әйгерім Жұмакұлова.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату