Жаңалықтар

Франциск қайтыс болды: енді Рим Папасы кім болады?

88 жастағы Рим Папасы Франциск өмірден өтті. Ресми түрде өлім себебі жарияланбағанымен, бұған 2025 жылдың басында бастан өткерген ауыр өкпе дерті себеп болуы мүмкін. Ал италиялық La Repubblica басылымының айтуынша, понтифик (Папа) инсульт немесе миға қан құйылу салдарынан көз жұмған болуы ықтимал, деп хабарлайды newsroom.kz.

Дәрігерлер Папаға адамдармен қарым-қатынасты шектеуді және көпшілік іс-шараларға қатыспауды ұсынған еді. Алайда ол бұл кеңеске құлақ аспай, ауруханадан шыққан соң жұрт алдына шығып, кейінірек Ұлыбритания корольдік отбасын және АҚШ вице-президенті Вэнсті қабылдаған.

Қазір жаңа понтифик тағына үміткер ретінде екі кардинал аталып отыр. Біріншісі – Ватиканның Украинадағы қақтығысты реттеу жөніндегі арнайы өкілі Маттео Дзуппи. Ол 2024 жылдың қазанында Ресейде Юрий Ушаков, Сергей Лавров, Татьяна Москалькова және Мария Львова-Беловамен кездесіп, кәмелетке толмаған балаларды отбасыларымен қайта қосу, тұтқындар мен қаза тапқандардың денесін алмастыру мәселелерін талқылаған. Дзуппи бұған дейін де Мәскеуге бірнеше мәрте барған.

Екінші үміткер – Ватиканның мемлекеттік хатшысы Пьетро Паролин. Ол бұл қызметті 2013 жылдың 15 қазанынан бері атқарып келеді. Бұған дейін мемлекеттермен байланыс жөніндегі хатшының орынбасары болған. Италия, Германия, Польша, Мексика, Румыния және Болгарияның жоғары ордендерімен марапатталған. Латын, ағылшын, француз және испан тілдерін меңгерген.

Папаның қайтыс болғанынан кейін жаңа понтификті таңдау үшін кемінде 15 күн, көп дегенде 18 күн уақыт беріледі. Осы аралықта барлық үміткерлер Римге келіп, өздерінің бұл қызметті қабылдауға дайын екенін ресми түрде білдіруі тиіс.