Оқушылар жасырын көлік мініп, мерт болды
Батыс Қазақстан облысында екі жасөспірімнің өмірін жалмаған ауыр жол апаты орын алды, деп хаюарлайды newsroom.kz.
Қайғылы оқиға 21 сәуір күні сағат 11:00 шамасында Бәйтерек ауданы аумағындағы Переметный – Белес тасжолында болған.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, «Jac N56» маркалы арнайы техника мен «ВАЗ-2110» жеңіл көлігі соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жеңіл автокөлікте болған екі жасөспірім оқиға орнында мерт болды. Белгілі болғандай, қаза тапқандар 2008 және 2010 жылы туған, екеуі де мектеп оқушылары – 9-сынып пен 11-сыныпта оқыған.
Куәгерлердің айтуынша, жасөспірімдер көлікті ата-аналарынан рұқсатсыз алып шығып, елдімекеннен сырттағы жолмен жүрген кезде апатқа ұшыраған. Алдын ала болжам бойынша, олар арнайы техниканың қатысуымен болған ірі соқтығысқа тап болған.
Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, оқиғаның нақты мән-жайын анықтап жатыр. Құзырлы орган марқұмдардың отбасына көңіл айтып, ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беруге шақырды.
Айта кетейік, өңірде жол апаттары жыл сайын артып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, 2022 жылы БҚО бойынша 370 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш үш есеге өсіп, 1196-ға жеткен. Соның салдарынан 2023 жылы 540 адам жарақат алса, 2024 жылы жараланғандар саны 1760-қа жеткен. Жыл сайын 100-ден астам тұрғын жол апатынан көз жұмады.
Мамандар бұл үрдіске алаңдаушылық білдіріп, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытында кешенді шаралар қабылдау қажеттігін алға тартып отыр.